Балғарин Мүти (туған-өлген жылы белгісіз) Батыс Қазақстан облысы Сабынкөл ауылында дүниеге келген. Қазақ, сауатты, қызметі – мұғалім, алашордашылармен байланыста, ниеттес болған. Әкесі патша заманында Орынбор педагогикалық училищесінде білім алған, ауылдық жерде беделді мұғалім болып, балаларға білім берген, сауатты, бай Есқазы Балғариннің ұлы. Төңкерістің алғашқы жылдарында әкесі қайтыс болып, Мүти Балғарин кәмелетке толмаған екі бауырымен жетім қалып, шешесінің тәрбиесінде болған. Қылмыстық істе 1923 жылға дейін Мүти Балғариннің шаруашылығында 200-ден аса қой, 40-50 бас жылқы, 10-15 түйе, 35-40 бас сиыр ұстағаны жазылған. Әкесі сияқты ол да мұғалімдер семинариясында білім алып, бала оқытқан, беделді оқытушы ретінде танымал болған. Оның інісі Балғарин Хаби де оқытушылық білім алып, бала оқытқан. М. Балғариннің атасы Балғары мен оның бауыры Киуел – өз заманында аты шыққан ауқатты байлар ретінде атағы жайылған тұлғалар. Киуелдің ұлы Нұғман Киуелов 1929 жылы байлар тізіміне ілініп, тәркілеуге ұшырап, жер аударылған. Байдың әйелі ретінде М. Балғариннің шешесі 1929 жылы астық дайындау науқаны кезінде Сабынкөл ауыл советінде жоспардың орындалуы үшін Ойыл ауданына барып, мемлекетке бидайды тапсырып, қарызды жапқан. 1929 жылы Мүти Балғарин шешесімен бірге барлық малын сатып, тек оқытушылыққа көшеді. Ол өзінің тумасы – Қаратөбе бастауыш мектебінің директоры Мұхамбет Бармақбаевты паналайды. 1935 жылдан бастап Мүти Балғарин аудандық білім бөлімінің инспекторы қызметін атқарған. 1937 жылы тамызда бұрынғы байдың, Алашордашының баласы, мұғалім болып қызмет жасап жүрген Алашорданың белсенді мүшелері Ищанов және М. Жазықбаевпен тығыз байланыста болып, оларды қолдағаны үшін артынан УНКВД іс қозғайды. 1937 жылдың қазан айында Қаратөбе УНКВД тарапынан тұтқынға алынып, ЕТЛ-ға қамалған. Бұдан әрі мағлұматтар белгісіз (БҚО мемлекеттік архиві, 786-қор, 1-тізбе, 225-іс, 55-56, 59-пп).
Балғарин Мүти
- Аты-жөні: Балғарин Мүти
- Туған жері: Батыс Қазақстан облысы Сабынкөл ауылы
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ