Бейсенов Бақтығали (Бақыш, Бакиш, Баха) 1889 (1890) жылы 24 тамызда Орал облысы Ілбішін уезі Қызылжар болысының №5 ауылында (қазіргі Ақжайық ауданында) туған. Батыс Алашорданың белсенді мүшесі, дәрігер, қоғам қайраткері. Әкесі Бейсен сауатты, дәулетті адам болған. Болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық Романов орыс-қазақ училищесі жанындағы жоғары оқу орнына даярлайтын қосымша сыныпты бітірді (1901). 1902-1910 жылдары Орал реалдық әскер училщесінде оқыды. Бақтығали Бисеновтің студенттік жылдары бірінші орыс төңкерісімен және «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы саяси акцияларымен тұспа-тұс келді. 1905 жылы қараша айында Орал қаласында 5 облыс қазақтары делегаттарының қатысуымен сьезд өтеді. Б. Қаратаев сынды сұлтандар мен Санкт-Петербург медицина академиясының студенттері Х. Досмұхамедов, Н. Ипмағамбетов және басқаларының құрылтайшылық етуімен Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы құрылып, оның баспасөз органы – «Фикер» газеті ашылды. Осы кадеттер партиясының белсенді қолдаушысы ретінде Бақтығали Бисенов жандармерияның назарына ілінді. 1910 жылы жазда Бақтығали Бисенов пен досы Ғұмар Есенғұлов Мәскеу Императорлық университетіне құжат тапсырады. Бірақ олардың құжаты Николаев Императорлық университетіне (қазіргі Саратов мемлекеттік университетіне) жолданады. Сөйтіп, Бақтығали Бисенов 1910 жылы 4 қазанда Николаев университетінің студенті атанады. Бірінші дүниежүзілік соғыстың әсерінен медицина факультетіне 1910 жылы түскен талапкер 1917 жылдың наурыз-сәуір айларында жеделдетілген курсты тәмамдайды. Осылайша, Бақтығали Бисеновке 1917 жылы 29 қараша күні «Емші» куәлігі беріледі. Осы жылы Бақтығали Бисенов Орал облысы 13-Қызылкүлгін ауылдық-дәрігерлік учаскесінде қызметке кірісіп, жергілікті жұрттың алғысына бөленеді.
Күні-түні тынбай еңбек еткен Бақыш Бисеновтің міндеті де ауыр болғаны анық. Өйткені медицина әлсіз, иен далаға жетпеген заманда әртүрлі жұқпалы аурулардың өршіп тұрғаны белгілі. Ісіне жетік мамандар да жоқтың қасы. Мұнда 1920 жылға дейін еңбек етеді. ХХ ғасырдың басы орыс патшалығы тыныштығынан айырылған кезең болатын. Патшалық құрылыс дағдарысқа ұшырап, халық арасында толқулар болып жатты. Оның аяғы февраль, октябрь революцияларына, ақтар мен қызылдардың атыс-шабысына, артынан Кеңес үкіметінің орнауына әкелді. Аштық, ауыр тұрмыс, ауру-індет, саяси қуғын-сүргін, үздіксіз қантөгістер дәуірі басталды. Ел басына түскен осындай ауыр жағдайда Калмыков уездік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған өз заманының білгір маманы Бақтыгерей Бисенов қай жерде қиын ахуал қалыптасады, көмек қолын созып сонда аттанады. Уездің өзінде бес дәрігерлік, он фельдшерлік пункт болған. Азамат соғысының басталуымен уезд халқына медициналық қызмет көрсетуде көп кедергі туындайды. Бас дәрігерлік пункт бір ғана мектеп фельдшерінің басшылығымен жұмыс істейді. Уездің орталығындағы 25 төсектік қалалық аурухана дәрігерсіз жұмыс істеп тұрған.
Білікті дәрігер, іскер ұйымдастырушы Б. Бисенов 1924 жылдың басында Орал облысындағы Байғұтты ауруханасының меңгерушісі болса, 1925 жылы Жымпиты уездік денсаулық сақтау бөлімінде санитарлық дәрігер, одан көп уақыт өтпей Жымпиты ауруханасын басқарады. Мұндағы медициналық қызмет көрсетуді жоғары деңгейге жеткізген оны 1928 жылы Тайпақ аудандық ауруханасына басқарушы етіп жібереді. Келесі жылдың қаңтарында Орал қалалық совет-партия мектебінің дәрігері, бір жылдан соң Губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің емдеу-профилактика ісі жөніндегі инспекторы болып тағайындалады. Б. Бисеновті партия қиырдан-қиырға, қиыннан-қиынға жұмсады. Қиындықтың қандайынан болсын, ол жол тауып шыға білді. Жайықтың жағасын жайлаған жұрт осы күнге дейін Б. Бисеновті 1921-1935 жылдағы ауыр тұрмыс пен ашаршылықтан азып-тозған ел ішінде бас көтерген оба індеті сынды түрлі жұқпалы аурулардың бетін қайтарып, елді қатерлі дерттің құрығынан аман алып қалған бірден-бір өте зерделі маман, білікті дәрігер, ұлтын сүйген азамат деп бағалайды. Азамат соғысының аласапыран жылдарында Тайпақ ауданының орталығы Базартөбеде қазақтарға арнап аурухана салдырғаны да ел есінде. Қазірдің өзіңде дұрыс жолға жарымаған бұл өңірдің халқы сол кезде Жайықтың арғы бетіне құрылыс материалдарын тасып апарудың қаншалық қиямет екенін жақсы түсінеді. Жайықтың бергі жағасында, уез орталығы – Оралдағы ауруханаға жергілікті халықтың өкілдері бас сұға алмайтындығын, қабылдаған күннің өзінде жеткізбес жол ауыртпалығының азабын ескерген ол елдің болашағы үшін бұл қияметті өз мойнына алған еді. Денсаулықтың негізі, ең алдымен, сәби күтімі мен дұрыс тамақтандырылуына байланысты екеніне барынша маңыз берген білгір маман балалар тағамы үшін арнайы сиыр табынын бөлуді ұсынады. Осы мақсатта мал шаруашылығы көрмесіне қатысқаны үшін мақтау қағазы берілген. Оның 1921 жылы Орал губерниялық денсаулық сақтау бөлімі кеңесінде халықтың денсаулық жағдайы және дәрігерлік көмек туралы жасаған баяндамасы архивте сақталған. Дәрігер Б. Бейсеновтің Базартөбе ауылында қызыл кірпіштен емхана тұрғызғаны да ерлік іске пара-пар. Сол кездегі қазақ ауылдарындағы оба індеті, шешек, сүзек аурулары күшейіп, аурулардың ем-дом қабылдайтын емханасында тазалық гигиенасы өте қатаң сақталады. Емхана жанынан монша, дәріхана секілді әлеуметтік нысандар салынып, 1 гектар аумаққа картоп, басқа да көкөніс түрлері егіледі. Медицина ғылымынан сауатсыз бұқара халықта жұқпалы аурулардан ересектермен бірге балалар да қатты зардап шегеді.
1929 жылы Орал қаласындағы кеңестік партия мектебі ауруханасының дәрігері, 1930 жылы 15 шілдеде Орал губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің емдеу инспекторы атанады. Батыс Қазақстан облыстық мұрағатында 10 төсектік Базартөбе ауруханасының есептік құжаттары сақталған. «Төрт ауыл тұрғындарына қызмет көрсеткен аурухана кешені бас ғимараттан, дәріхана мен моншаға арналған қосымша құрылыстан және дәрігерлерге арналған үш шағын үйден тұрған. Аурухана құзырындағы 1 га жерге бақша, 1 га жерге картоп егілген. Ауруханада бір тарантас арба болған, бірақ оған жегетін ат жоқ, сірә, өгіз жегілсе керек. 1934 жылғы амбулатория есебіне қарағанда, аурухана сол жылы 282 күн жұмыс істеп, 3019 науқасты қабылдаған. 1937 жылдың басында Б. Бисенов Жымпиты аудандық ауруханасына жіберіледі. «Бисенов Бах Бисенұлы 1890 жылы Тайпақ ауданының №3 ауылында туған, қазақ. 1937 жылы 16 қыркүйекте тұтқындалған, сол кезде Жымпиты поселкесінде тұрған, аудандық ауруханада дәрігер. 1938 жылғы 15 ақпанда Ішкі істер халық комиссариаты басқармасының (УНКВД) Батыс Қазақстан бойынша Үштігінің шешімімен ату жазасына кесілген. Батыс Қазақстан облыстық соты президиумының 1958 жылғы 14 маусымдағы қаулысымен ақталған». «Бақтығали Бисеновтің тергеу ісінде оған «алашордашы», «контрреволюциялық ұйым мүшесі» деген айыптар тағылады. Куәгерлермен жүздестіру, жауапты тексеру болмаған. Бақтығали Бейсенов тергеуінде 5 желтоқсан күні қағазға түскен айыптау қаулысындағы ең «әшкерелеуші» сөйлем «Алашорда үкіметі мүшелерінің арасында беделі жоғары болды» («авторитетный алашординец» деп жазылған архивтегі қылмыстық ісінде – А. Б.) делінген. Соған қарамастан, Б. Бисеновке НКВД Үштігі әуелі 10 жыл түрме жазасын кескен. Алайда 1938 жылғы 15 ақпанда ол қаулы бұзылып, ату жазасына ауыстырылған. Үкім 1938 жылы 19 ақпанда 21 сағат 15 минутта орындалған.
Сөйтіп, күні кеше қиын-қыстау жылдарда елдің денсаулығын қайтсем жақсартам, денсаулық сақтау саласын қайткенде көтереміз деп, ұлтының ертеңі үшін тыныштық көрмеген ардақты азамат «халық жауы» болып атылып кете барды. 1958 жылы Б. Бисеновтің ісі қайта қаралып, Батыс Қазақстан облыстық соты президумының қаулысымен ешбір кінәсі болмағандықтан толық ақталады.
«Халық жауының» балаларының тағдыры оңай болған жоқ. Бақтығали Бисенов тұтқындалған кезде оның отбасында әйелі Жәнша шиеттей бес баламен қалған екен. Тұңғышы Махмуд 17 жаста, Мәжит 12-де, Зейнеп 9-да, Әнуар 4-те, ал Роза 1 жаста болыпты. Мәжит пен Әнуар көп кешікпей шетінеп кеткен. Махмуд 1918 жылы дүниеге келген, 1940 жылы Қызыл әскер қатарына алынған. 1941 жылы неміс тұтқынына түсіп, еріксіз Түркістан легионында қызмет етеді. Б. Бейсеновтің әйелі Жәнша Орал қаласындағы былғары шикізат комбинатында тігінші болды. Қыздары Зейнеп пен Роза қолында болған. 1929 жылы Бақышқызы Зейнеп Орал қаласында тұрып, ұзақ жыл «Екпінді құрылыс» газетінде аға корректор болып қызмет етіпті. Бақтығали Бисеновтің кіші қызы Роза Бисенова әке жолын қуып, 1962 жылы Қазақ мемлекеттік медицина институтын бітірген. Ұзақ жыл Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында дәрігер-педиатр болып қызмет еткен Роза Бақышқызы бірнеше орденмен марапатталған. Бүгінде Бақтығали Бисеновтің қызы Роза Бақтығалиқызы Бисенова Астана қаласында тұрады. Ал оның балалары Алматы қаласында еңбек етуде.
Роза Бақтығалиқызы көп жыл әкесі туралы мәліметтерді іздестірумен, жинастырумен айналысқан. Роза Бақтығалиқызы зейнеткер, мұғалім болған, көп жыл комсомол, партия ұйымдарында қызмет істеген. Әкесі Б. Бейсеновтің сонау аласапыран жылдарда салдырып кеткен аурухана-емхана ғимараттарына ескерткіш белгі тақта орнату салтанатына (2013 ж.) қатысты. (БҚО ПДА, 6-қор, №1029 Бисенов Баханың қылмыстық ісі және қайраткердің қызы Бисенова Роза Бақтығалиқызынан алынған деректер).