Бекмұхамедов Шафхат Мұхаммеджанұлы1892 жылы Бөкей ордасы 2-теңіз жағалауы округінде дүниеге келген. Қазақ, бай әулеттен шыққан, сауатты. Батыс Алашорда үкіметін қолдаушы, мемлекет қайраткері. 1903-1912 жылдары Астрахань ерлер гимназиясында, 1912-1917 жылдары Қазан университетінің заң факультетінде оқыған. Университетте оқып жүрген кезінде студенттер қозғалысына қатысқаны үшін оқудан шығарылып, кейін қайтадан оқуға алынған. Ш. Бекмұхамедов 1916-1917 жылдары тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне көмектесу мақсатында қазақ зиялылармен бірге Белоруссияда болды. 1917 жылы 2-6 сәуір аралығында Орынбор қаласында Орал, Ақмола, Семей, Сырдария облыстарының және Бөкей ордасының өкілдері қатысқан Торғай облысы қазақтарының съезінде төралқа хатшысы қызметін атқарған. 1917 жылы 21 сәуірде Бөкей ордасының болыстары съезі төрағасының орынбасары болған. Бөкей ордасының алғашқы жер комиссары және губерниялық жұмысшы шаруа, қызыл әскерлер Кеңесінің төрағасы. 1918 жылы әскери комиссардың орынбасары қызметін атқарды. 1919 жылы қарашадан Қазревкомның мүшесі. 1921 жылы қыркүйекте II жалпықазақтық кеңестер съезінде Юстиция халық комиссариаты құрамына сайланды. Қазақ автономиясының алғашқы заң актілерін дайындауға еңбек сіңірді. Қазақ АКСР Конституциясын әзірлеу комиссиясының мүшесі болды. Кейін түрлі мемлекеттік кеңес жұмыстарын атқарды, жоғары оқу орындарында сабақ берген. 1958 жылы дүниеден озған. (Алашорданың белсенді мүшесі ретінде БҚО ПД архиві №П-2451 істе кездеседі.; жалпы мағлұматтар мына кітаптан алынған: Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. 101-102-бб.).
Бекмұхамедов Шафхат Мұхаммеджанұлы
- Аты-жөні: Бекмұхамедов Шафхат Мұхаммеджанұлы
- Туған жері: Бөкей ордасы 2-теңіз жағалауы округі
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ