Бекімов Молданияз Байболсынұлы 1882 жылы 12 қыркүйекте Орал облысының Жақсыбай болысына қарайтын №2 ауылда дүниеге келген. Қазір ол ауылдың көлемінде Аққозы ауылы орналасқан. Руы – алаша. Молданияздың кенже інісі Сүлейменнің жазуына қарағанда, Кіші жүздегі он екі ата байұлының бір руы болып саналатын алашаның бір тарауы – Назар – Молданияздың жетінші атасы. Ал келесі деректе белгілі журналист Қайыржан Хасанов өзінің «Алашорда. Атылған арыстар» атты еңбегінде Молданияз Бекімовтің руын қарабура руының божан бөлімінен тарайды деп жазады. Текті тұқымнан тараған осы жеті баланың әрқайсынан тараған ұрпақтар – Орал облысы, қала берді Қаратөбе өңірінде есімі белгілі жандар. Молданияз Бекімовтің өмір жолы және қоғамдық қызметі туралы Темір Омаров көп ізденген. Нағашысы Сүлейменмен тілдесіп, көптеген деректі сол кісінің аузынан естиді. Молданияз Бекімов туралы «Өз биігінде көрінген азамат» деген кітапша (Қаратөбе, 1997 ж.) шығарады. Молданияз Бекімов ауыл молдаларынан мұсылманша оқып, арабша сауатын ашқаннан кейін сол кезде анда-санда қолына түскен қазақша, татарша басылған қисса, дастан, жырларды қызыға оқитын болған. Сол кезде Молданияз Бекімовтің жан-жақты, білімге құштар адам екенін көруге болады. Халықтың жазба және ауыз әдебиетінің үлгілерін бала кезінен бастап естіп, білуі оның есейген шағындағы творчествосының қанат қағуына, халықтық фольклор нұсқаларын, этнография үлгілерін насихаттауына тікелей әсер еткен.
Дүмшe мoлдалардың алдынан өтiп, аздап сауаттанғанын місе тұтпаған Молданияз білімін тереңдету үшін Орал қаласындағы әскери-реалды училищеге түседі, ол мектепті 1902 жылы тәмамдаған және әскери қызметке өз еркімен кіргендер қатарында болды. 1902 жылы 28 тамызда Қазан қаласындағы жаяу әскер юнкерлерінің училищесіне 2-ші разряд бойынша қабылданып, оны кейін 130-шы Херсон полкіне командирлік қызметке жіберілген. Жыл аяғына таман 8-ші Закаспийск атқыштар полкіне ауысып, келесі жылы тамызда Ташкенттегі бірінші Ташкент резерв батальонына қызмет етуге жіберілген. 1906 жылы қарашадан 1908 жылғы маусымға дейін Түркістан әскери округінің штабында қызмет істеп, бірінші Түркістан атқыштар батальонына командирлік жұмысқа жолдама алған. 1909 жылы 20 қарашада оған поручик атағы берілген. Бұдан кейін 1910 жылы Жаркентте, яғни осы күнгі Панфилов қаласы, Талдықорған облысында тұрған 21-ші Түркістан полкіне рота командирі болып тағайындалады. Молданияз Бекімовке 1913 жылы 5 қарашада штаб-капитан атағы беріледі. Қазақ халқынан шыққан санаулы офицерлердің бірі ретінде бірінші империалистiк соғыс дәуірінде орыс әскерлерінің сапында болады.
Германия әскерлеріне қарсы кескілескен ұрыста әуелі 1915 жылы 21 қаңтарда, сосын 23 ақпанда жарақаттанып, госпитальға жіберілген. Өз басының ұрыс түзіндегі батыл қимылдары және шебер басқарып, бастағаны үшін Молданияз Бекімов 1916 жылы 4 мамырда «Ерлігі үшін» деген жазуы бар 4-ші дәрежелі «Қасиетті Анна» орденімен, сол жылы 15 маусымда қыл мен бант мүсінді 4-ші дәрежелі Әулие Владимир орденімен және 1915 жылы 4 қыркүйекте «Ақ қыран» орденінің лентасы бар жалтыр қола медальмен марапатталған. Молданияз Бекімовті «санаулы офицерлердің бірі» деп айтуымыздың да жайдан-жай еместігін осы жерден көруге болады.
1917 жылы Ресейдің еуропалық бөлігінде әкери қызметте болды. 1917 жылы жазда Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті мүшесі О. Шкапскийдің қаулысымен Жетісу облысына шақырып, осындағы Нарын уезінің комиссарлығына тағайындалады. Уездің 12 болысы бойынша 1916 жылы дүрбелең тұсында Қытайға ауған қырғыз босқындарына көмек комитетінің жұмысына қызу атсалысты. Осы еңбегін Жетісу облысының комиссары М. Тынышпаев газет бетінде жоғары бағалаған.(«Қазақ» 1917, №255). 1917 жылы желтоқсандағы ІІ жалпықазақ сьезінде Уақытша Ұлт Кеңесі (Алашорда) үкіметінің құрамы бекітіліп, оған мүшелікке Молданияз Бекімов те сайланды. Алаш қайраткерлері Алашорда үкіметінің жұмысына белсене араласты, кейін олардың бірқатары Кеңес мекемелері жүйесінде қызмет атқарып, Алаш армандаған ізгі идеяларды жүзеге асырды.
Бұл жерде Молданияз Бекімовтің еңбегін атап өткен жөн. РКФСР-дың Шығыс Түркістандағы (Қытай) консулдығы қарамағында қызмет істеп, отызыншы жылдардың бас кезінде елге қайтып оралған. Кейінірек Башқұрт АССР-ында, Орынбор өлкесінде мекендеген ағасы Қожанияздың үйінде тұрып, совхоздың бухгалтериясында, астық қамбасында жұмыс істеген. Орынбор облысы аумағындағы жалайырлар арасында, сонан соң Златоуст қаласы маңында тұрған. Бұдан соңғы тағдыры беймәлім.
Зайыбы – София Иосифовна Амалдыкова, соңында ұрпақ қалғаны жөнінде деректер жоқ. Кейбір деректерде ол өмірінің соңғы кезінде Ресейдің Орынбор облысында болған және де сонда қайтыс болған делінеді, алайда дәл қай жылы, неден қайтыс болғаны туралы дерек жоқ. Соғыс майданында екі мәрте жаралы болғандықтан ба, әлде ұзақ жыл бойы әскери қызметте болуының, оның үстіне шет елде жүргеннің салдарынан ба, Молданияз мейлінше тұйық, кездескен адаммен көп сырласпайтын, тамағын да өзі пісіріп ішетін, үнемі тұнжырап, ойланып, бірдеңелерді жазып жүретін болыпты. «Молданияз ағайын-туғандарының (Сүлеймен, Гайдар жазған хаттарда айтылған) сипаттауынша, оның жақын адамдарға, әсіресе, тұрмыстың ауыр тауқыметін көргендерге қайырымды, ілтипатты болғанын баса айтады. Келбет-пішіні келісті, қараторы өңді, еңселі, бойын тік ұстайтын, сөзге сарабдал жан болған (Алашорданың белсенді мүшесі ретінде БҚО ПД архиві №П-2451 істе кездеседі.; жалпы мағлұматтар мына кітаптан алынған: Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. 102-103-бб.).