Бисалиев Әбдірахман 1892 жылы дүниеге келген. 1903 жылы Ілбішін уезіндегі Матеш болысындағы бір кластық орыс-қырғыз мектебінде, 1906 жылы Қарасу-Шалқар екі кластық мектебінде, кейін 1910 жылы Оралдағы 4 кластық мектепте оқып, 1915 жылы ауыл шаруашылығы училищесінде оқып, мамандық алды. 1920-1925 жылдары Қызыл армия қатарында болып, ақтар армиясымен күресті. 1921 жылы 16-18 қараша аралығында Жымпиты ауылын қарақшылардан тазартуға атсалысты. 1920 жылдан бастап Жымпиты уездік жер бөлімінде қызмет жасаған. 1920 жылы мамыр айында ВКП(б) кандидат, ал 1924 жылы ВКП(б) мүшелігіне өтті. 1925-1938 жылдары аралығында Орал, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарында сауда, басқару, әлеуметтік қамсыздандыру, жер қатынасы, шикізат өнімдерін дайындау кеңселерінде жауапты қызмет атқарған. 30-шы жылдардың соңында Қарағанды облысының Қарсақбай ауылында тұрған. Сонда аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болған. Қарсақбайда еңбек еткен кезінде Қаныш Сәтбаевпен, жерлестері Ораз Исаев, Сейітқали Меңдешев сынды азаматтармен жиі араласып тұрған. 1939 жылы қыркүйек айында «халық жауы» деген жаламен ұсталып, отбасыларындағы мүлкін, дүниелерін тексеріп, жазықсыз жазаға тартылады. Қазақ КСР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясының шешімімен оның ісінде қылмыстың жоқтығы анықталды. Жазықсыз жазаланып, 1943 жылы 4 маусымда Ресейдің Свердловск облысындағы лагерьде дүниеден озған. (Алашорданың белсенді мүшесі ретінде БҚО ПД архиві №П-2451 істе кездеседі.; жалпы мағлұматтар мына кітаптан алынған: Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. 101-102-бб.
Бисалиев Әбдірахман
- Аты-жөні: Бисалиев Әбдірахман
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ