Бердиев Ғұбайдолла Есқалиұлы 1883 жылы Атырау облысы Махамбет ауданы Ақжайық ауылында дүниеге келген. Мүсірәлінің Есқали деген баласынан Ғұбайдолла дүниеге келеді. Атасы – Мүсірәлі Жайықтың батыс бетінде Қаңбақты деген жерде 1818 жылы дүниеге келген. Ол дәулетіне сәулеті сай, оқығаны болмаса да, тоқығаны мол, қайырымы көп үлкен бедел иесі болды. Мүсірәлінің тұңғыш баласы – Досжан Бердиев (1841 жылы туған) Жәңгір ашқан төрт жылдық мектепті бітірген. Оқуға зерек Досжан кейін Орынбордағы Неплюев атындағы жеті жылдық кадет корпусында оқиды. Оқуды бітірген соң арнаулы жолдамамен Гурьев уезінде аудармашы болып жұмысқа жіберіледі. Ол Ғұбайдолланы тәрбиелеп, сауатын ашуға көмектеседі. Досжан 1914 жылы 73 жасында қайтыс болады. Бейіті Махамбет ауданындағы (бұрынғы Тоғызыншы ауыл деген жерде) әкесі Мүсірәлінің қасында. Жастай зерек Ғұбайдолла Есболдың «Қызыл үйі» аталатын екі класты орыс-қазақ мектебін бітіріп, Орал қаласында реалдық әскери училищеге оқуға түседі. Ол Халел Досмұхамедовпен бірге оқуға түсіп, оқу орнын 1902 жылы бітіріп шығады. Осы оқу орнында 1 жылдық әзірлік курсында оқып, Ғұбайдолла Бердиев 1904 жылы Қазан қаласына оқуға түседі. Оқу жылдарында Халел Досмұхамедов пен Ғұбайдолла Бердиевтің арақатынастары үзілмеді.
Ғұбайдолла Бердиев 1905 жылы 9 қаңтарда Қазан қаласында өткен студенттер ереуіліне атсалысқаны үшін оқудан шығарылады, бірақ кейіннен оқуын жалғастыруға мүмкіндік алады. Ол сол заманның озық ойлы оқыған зиялыларымен сырлас болған. 1908 жылы оқуын аяқтап, мал дәрігері мамандығын алып, елге оралады. Ол – өлкеміздегі алғашқы қазақ мал дәрігерлерінің бірі. Оқуды бітірген соң Ғұбайдолла Бердиев Гурьев уезіндегі Соколинск кенті Жылыой елді мекеніндегі Сімберті, Қаратөбе, Бланк, Қарабайлы, Жаршық болыстарында 1917 жылға дейін Гурьев уездік бас мал дәрігері болып қызмет атқарады. Мал дәрігерлік қызмет көрсету бекетін салдырып, алғашқы рет Атырау өңірінде ғылыми негізде мал дәрігерлік қызмет көрсетудің негізін қалады. Қызмет бабымен көбінесе ел аралап, ауылдарға келіп, малды бағып-күту, мал арасындағы жұқпалы аурулардан сақтандыру, алдын алу шаралары туралы ақыл-кеңес беріп, емдеу жолдарын айтып, түсіндіріп жүрген.
1913 жылы Орал қаласындағы жергілікті тілде «Қазақстан» атты газет шығып тұрған, сол газеттің шығуына өз қаражатынан 500 сом газетке демеушілік көрсеткен. Осы газетке мал дәрігерлік қызметтің түрлі бағытынан мақалалар жазып, емдеу, сақтанудың, алдын алудың шараларын насихаттап отырған. Ғ. Бердиев 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ съезіне Орал облысынан өкіл болып қатысады. 1918 жылы Алаш қайраткерлері өткізген Орал қазақтарының Жымпитыда өткен 4-ші қазақ съезіне қатысып, белгілі заңгер Жаһанша Досмұхамедовпен, оның орынбасары Халел Досмұхамедовтармен бірге «Ойыл уәлаяты» атты үкімет құруға атсалысады. Осы кезде Батыс Қазақстан өңірінде құрылған жергілікті қазақ комитеттерінің жұмысына белсене қатысады. Осындай жергілікті комитетті 1918 жылдың күзінде Қызылқоға, Ойыл өңірлерінде құрып, Халел Досмұхамедовтің шақыруымен Ғ. Бердиев уездік мал дәрігерлік жұмысын тастап, Қызылқоға ауданында болыстық қызметтерді атқарады.
Алаш қозғалысының белді мүшесі, Алаш зиялыларының бірі, халық үшін аянбай еңбек еткен Ғұбайдолла Бердиев 1922 жылы 39 жасына қараған шағында дүниеден өтеді. (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. 103-105-бб., Ақбай Ж. Жанша. Толықт.2-ші басылым. –Орал: Оптима, 2008. -145 б.).