Бөкеев Шәңгерей Сейіткерейұлы 1847 жылы Орда қаласындағы Жасқұс елді мекенінде дүниеге келген. Алашорда жетекшілерінің рухани көсемі, моральдық және қаржылай қолдау көрсеткен қайраткер. Ақын-жыршы, 5 жасында ата-анасынан жетім қалып, ағаларының қамқорлығымен білім алған. Орынбор кадет корпусында, Астрахань гиназиясында оқып, білім алған. Орыс тілін үйреніп, әдебиет мен мәдениетке ден қояды. Сарытау (Саратов) мен Самара аралығындағы атақонысы Көлборсыда өмір кешеді. Шәңгерей Бөкеев аңшылық-саятшылықты, табиғат сұлулығын, ән-күйді, көркемсөз өнерін ұнатты, өзін-өзі үнемі рухани жетілдіріп отырды, өлең жазды. 1917 жылы Көлборсыдағы қонысын тастап, қазіргі Ақжайық ауданы жеріне келеді. Шығармалары 1911-1912 жылдары «Шайыр», «Көксілдер», 1926 жылы «23 жоқтау» жинақтарында жарық көрген. 1934 жылы жеке жинағы шығады. Одан кейінгі жылдарда шығармалары оқулықтар мен жинақтарда жарияланып отырды. Шығыс әдебиетінен, Еуропа, орыс әдебитінен сусындап, қазақтың суырыпсалма поэзиясы дәстүрін жазба әдебиетке ұластырған аса білімдар ақын. Уақыт, заман, өмір, табиғат, ғылым, өнер туралы толғанады.
Ол ағартушы Ғұмар Қарашты ауыл балаларына оқытушы етіп ұстайды. Оған орыс тілін үйретіп, орыс роман, повестерін мазмұндап береді. Ғұмар оны малшы шаруаларға әңгімелеп отырады. Шәңгерей бірқатар орыс ақын-жазушыларының шығармаларын (мысалы, М.Ю. Лермоновтың «Қашқын» поэмасы т.б) қазақ тіліне аударған. Ш. Бөкеев ел аузындағы әдеби мұраларды жинақтап, оны бастырып шығаруға қамқорлық жасайды. Жазықсыз жапа шеккен бұқара халық өкілдеріне (мысалы, Қубала ақын т.б.) қолұшын беріп, қолғабыс жасайды. Оралда «Қазақстан» газетін шығаруға атсалысады. Ол қазақ поэзиясында өзіндік өрнегі айқын, сыршыл, лирик әрі философ ақын. «Үш ғасыр жырлайды» және «Бес ғасыр жырлайды» топтамаларына өлеңдері енген. (БҚО Бөкей ордасы мемориалдық музей кешенінің қоры).