Бөкейханов Ғабдол-Хакім Нұрмұхамедұлы1896 жылы 15 сәуірде Бөкей ордасының Шоңай ауылында дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткері. Бөкей ханның ұрпағы. Белгілі күйші М. Бөкейхановтың інісі. Бөкей ордасындағы Жәңгір хан ашқан мектепті, Орал әскери училищесін (1917), 1922-1925 жылдары ауыл шаруашылығы академиясын (Мәскеу) бітірген. 1918 жылы Бөкей ордасы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 1-ші қазақ атты әскер полкін құруға тікелей қатысқан. 1919 жылы Қазревком мүшесі ретінде Кеңес өкіметі жағына тарту мақсатында Алашорда жетекшілермен келіссөз жүргізген. Қазревкомның ұлттық кадрларды іріктеп, қызметке тағайындау комиссиясының мүшесі бола жүріп, көптеген Алаш қозғалысы қайраткерін ОАК мен ХКК-дағы жауапты қызметтерге тағайындауға ықпалын тигізді. 1920 жылы БОАК-да Қазревком өкілі болды. VI, VII және X Бүкілресейлік Кеңестер съезіне, сондай-ақ Коминтерннің 4-конгресіне қатысқан және бірнеше мемлекеттік органда белсенді қызмет атқарған. 1921-1922 жылдары Семей және Ақмола губерниялардағы ашыққандарға көмек көрсету комитетінің төрағасы, 1925-1932 жылдары жер халкомының алқа мүшесі, Қарақалпақ атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ мақта комитеті төрағасының орынбасары, 1933-1937 жылдары КСРО мақта-трактор орталығы тресінің өкілі, Оңтүстік Қазақстан облысы жер басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Қуғын-сүргінге ұшырап, Алматы облысының Талғар ауданы Жаңалық ауылының жанында 1938 жылы 25 ақпанда ең ауыр үкім – ату жазасына кесілген. 1957 жылы істе қылмыс құрамының жоқтығына байланысты ақталған (деректер мен фотосурет қайраткердің ұрпағы Ш. Аманжоловадан алынған).
Бөкейханов Ғабдол-Хакім Нұрмұхамедұлы
- Аты-жөні: Бөкейханов Ғабдол-Хакім Нұрмұхамедұлы
- Туған жері: Бөкей ордасының Шоңай ауылы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ