Мәметов Ахмет (Ахмедғали Мамытұлы) 1895 жылы Астрахан губерниясы Талов қисымы Қойтоғыт ауылында дүниеге келген. Батыс Алашорда қайраткері, ағартушы, ақын, журналист, дәрігер. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған Ахмет Мәметовтің өз қолымен толтырған кадрларды тіркеу парағында «1895 жылы желтоқсанда Орда ауданында дүниеге келдім, ұлтым – қазақ» деп жазған. Одан әрі отбасы туралы «батрақтың (шаруаның – А. Б.) баласымын, әкем мал баққан, шешем 20 жыл бойы 1915 жылға дейін Жәнібек ауданындағы танымал байдың жалшысы («в качестве прислуги у известного богача» деп жазыпты – А.Б.) болған деп көрсетеді. БҚО мемлекеттік мұрағатында сақталған келесі құжатта, яғни «Аспирантура курсына түсуші үміткердің анкетасында» Ахмет Мәметовтің өз қолымен толтырылған екен (бұл құжат 1932 жылы толтырылған – А.Б.), ол «Орал округі Бөкей уезді Орда ауданында 1895 жылы туылдым» деп жазыпты. 1920-1930 жылдардағы аласапыран кезеңде көптеген айыпталушының істері өз қолымен емес, яғни жалған ақпарат берушілер тарапынан толтырылғаны туралы да мағлұматтар кездеседі. Осы өмірбаянында «Әкем кедей, шешеммен екеуі өлгенше Әбіш деген байда жалшы болып жұмыс істеді» деп жазады. 1910 жылдары Әліш деген байға Ахмет жалданып, жұмыс істеп жүреді. Бай бір күні Ахметті жұмыстан шығарып, қуып жібереді. Ол енді барар жер таба алмай, шет жерде сенделіп жүргенде Нарыннан Өфе (Уфа) қаласына бара жатқан адамдарға тап болып, Уфа қаласына барып, сонда біреуге жалданып қалып қояды. Сондағы қазақтармен танысып, араласып жүреді. Олармен еріп Қазан, Саратов т.б. қалаларды аралайды. Ахмет Мәметов өте зерек, тез тілтабысқыш болып жетіледі. Барған жерінде өлең, жыр, әдеби, тарихи әңгімелерді қызыға тыңдап, жаттап, қайтадан аудармай айтуға машықтанады. Сол қабілетінің арқасында ол 14 жасында жеңге, құрбыларына арнап өлең шығара бастайды. Ал 18 жасында, яғни 1912 жылы Қазан қаласының Кәрімовтер баспаханасынан жасөспірім Ахметтің «Аберт» (орысша «Назидание») атты алғашқы жинағы жарық көреді. 1913 жылы Ахмет Мәметов Уфадағы атақты оқу орындарының бірі – «Ғалия» медресесіне оқуға түседі. «Ғалия» медресесінде оқығаны туралы Ахмет Мәметовтің өзі де кадрларды тіркеу парағында жазып қалдырған. 1915 жылы қаржы қиындығына байланысты «Ғалия» медресесіндегі оқуын Орынбордағы «Хусаиние» медресесінде жалғастырып, осы оқуын бұдан әрі Орынборда аяқтаған. Оған «Қазақ» газеті басқармасы қаржылай көмек көрсеткен. Мәметов Ахмет Мамытұлы 1916 жылы дүрбелең тұсында босқыншылыққа ұшыраған қырғыз еліне көмек беру жөніндегі Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Ж. Жәнібековтермен бірге 1917 жылы маусымда «Қазақ» газетінде қазақ еліне үндеу тастады. Сонымен бірге І Бүкілресейлік Мұсылмандар сьезіне қатысқан бір топ зиялының жалпықазақ съезін Ташкент қаласында өткізу, Алаш автономиясына Түркістан өңірін қосу туралы ойын қостайды. Ақпан революциясынан соң Түркістан генерал-губернаторлығына қараған Ішкі (Бөкей) ордасынан Ташкентке барған бөкейлік оқығандар қатарында 1917 жылы Ташкент қаласына келіп, «Алаш» газетіне автор болады. 1917-1918 жылдары «Бірлік туы» серіктестігіне кірді, «Бірлік туы» газеті басқармасында жұмыс істейді. Түркістан мұқтариаты (Қоқан автономиясы) 1918 жылы күзде қуып таратылғаннан кейін Ойыл уәлаятына келіп, Ойыл облыстық земство басқармасында жұмыс істеді. 1918 жылы жазда Орал қаласынан Жымпитыға келіп, облыстық земство басқармасына баспахана жеткізу ісімен айналысады. 1919 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен облыстық земство жиналысының облыстық земство басқармасы баспасөз органын шығару жөніндегі шешіміне сәйкес «Еркін қазақ» газетінің уақытша шығарушысы болып тағайындалады.
Батыс Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін Орал қаласына келіп, 1920 жылы РК(б)П қатарына қабылданады. Орал губревком үгіт-насихат бөлімінің қызметкері болады. 1920 жылы көктемнен Жымпиты уездік ревкомы халық ағарту бөлімінің қызметкері болып орналасады. Сауатсыздықты жою ісімен айналысады, саужай бағдарламасын талдау жасау комиссиясының құрамына кіреді. Уездік атқару комитетінің татар-қазақ бөлімі шығарған «Яна фикер» газеті тоқтағаннан кейін оның баспаханасы негізінде қазақша уездік «Ерік» газетін шығарады. 1920 жылы жазы – 1921 жылдың көктемі аралығында Орал облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болды. 1921 жылы көктемде Бөкей губерниясына қызметке ауысып, губатком төралқасына мүше болып сайланады. Сол жылғы маусым айында баламалы негізде Бөкей губерниялық РК(б)П комитетінің үгіт-насихат бөліміне меңгеруші болып тағайындалады. Сәл кейін бұл қызметтен босатылып, губерниялық партия комитетінің жаңадан ұйымдасқан органы – апталық «Сәуле» – «Рассвет» газетінің редакция алқасының мүшесі болып сайланады. 1921 жылы қыркүйектегі РК(б)П қатарын солшыл партиялар мен алашордашылардан тазарту саяси науқаны кезінде партиялық тазарту жөніндегі Бөкей губкомы комиссиясының шешімімен «Алаш» партиясында болғаны үшін РК(б)П қатарынан шығарылды. 1922 жылы Саратов қаласындағы жұмысшы факультетінің тыңдаушысы, 1923-1927 жылдары Саратов университеті медицина факультетінің студенті, 1927-1928 жылдары Маңғыстау өңірінде дәрігерлік қызметте, 1929-1930 жылдары Семей округтік денсаулық сақтау бөлімі кәсіподақ-сауықтыру жүйесінің инспекторы болған. 1930 жылы Алматы қаласында Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастырып, осы институттың алғашқы директоры болады. Гигиена, тері-жұқпалы аурулар, олардан сақтану жөнінде жазылған 20-ға тарта кітапшаның авторы. 1931 жылдан бастап Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 30-шы жылдың орта шенінен Алматы қалалық ауруханасында дәрігер қызметін атқарады. 1937 жылы ІІХК органдары тарапынан тұтқындалып, «бұрынғы Алашорда қайраткері, антикеңестік топтың мүшесі» деген айыппен 1938 жылы 11 қарашада КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясы көшпелі сессиясының (үштік) қаулысымен ең ауыр үкім – ату жазасына кесілген. Үкім орындалған. 1958 жылы 27 ақпанда КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының қаулысымен ақталған (БҚОММ, П-37 қор, 1-тізім, 282-іс, А. Мәметовтің ісі).
Мәметов Ахмет (Ахмедғали Мамытұлы)
- Аты-жөні: Мәметов Ахмет (Ахмедғали Мамытұлы)
- Туған жері: Астрахан губерниясы Талов қисымы Қойтоғыт ауылында дүниеге келген
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ