Медетов Тілеп Ығылманұлы 1883 жылы БҚО Гурьев уезі Маңғыстау ауданында №10 ауылда дүниеге келген. Ауыл молдасынан оқып, білім алған соң Күйік қаладағы (Илецк) екі жылдық орыс-қырғыз (қазақ – Қ.Х.) мектебін жақсы бағамен оқып, мектеп дирекциясының мақтау қағаздарымен бітірген. Сосын1904-1912 жылдар аралығында сегізжылдық мектеп бітірген. Екі жылдай Орынбор қаласындағы мектеп семинариясын бітірген. Соңынан елге келген. Елде қандай білімді болсада, қолайлы жұмыс бола қоймаған. Сосын ол Ойылға барып, мировой судьяның тілмашы болған. Содан бастап қызметте өсу сатысы басталған.Алашорда тұсында Жымпитыда қаржы бөлімінің бастығы болған. Алашорда үкіметінің мүшесі болып, Досмұхамбетов Жаншамен жұмыстас болып, оның ең сенімді серігінің бірі болған. Бақытжан Қаратаев, Халел Досмұхамедовтер Кеңес үкіметінен ығысып, Жымпитыдан Ойылға ауысады. Батыс Алашорда Ойыл уәлаятын құрғанда Тілеп Жымпитыда қалған. Тілеп Кеңес үкіметінің саясатынан қорқып, өз келешегін ойлаған. НКВД-шылар шеңгелінен сақтанып, алашордалықтардан іргесін аулақ ұстауға тырысқан. Кейін тұтқындалмай, аман қалуының бір себебі осы болса керек. Құпия шешімдерден Тілеп атамыз өзінің және 1893 жылғы інісі Жанғалидың «Халық жауы» деп аталғанын біледі. Көп кешікпей жер ауыстыруымыз керек деп шешкен. Кәмпескіленгеннен қалғандары қашып, елден көшіп, Ресейдің Челябі деген жеріне дейін барған. Тілеп сол жақта жүріп, 1939 жылы бір жылдай ракпен ауырып, 1940 жылы қайтыс болады. Тілептен Бақи (Абдолбақи) мен Мұтал (Құрманғали).Ығылманнан – Жұмағали, Сүлеймен, Кемал дегендер қарапайым шаруа болған. Тек Сары деген кісі серілеу болған, ұрыстарға жиі қатысқан. Әлді, шапшаң, әдісқой болған. Нағашыларына талай жиендік жасап, көбірек қақсатқан. Кемал, Сары 1921 жылы аштан өлулі. Жұмағали халфені 1938 жылы Златоуст қаласында өлтірген, әйелі Жалал 1941 жылы қайтыс болған. Ығылман атамыз інілері Балғожа, Жасқожалар күн көрсетпегесін Өзектен көшіп, Аталықтар тайпасы, Өтеулі бөлімін паналап, Ворошилов (қазіргі Үшағаш) деген жерге келіп, сегіз жыл отырған. Сосын кенжеғара Ақшолақ Сарығожин деген, Жұмағалидың атасы Қарасай деген билер әжеміз Жәмилаға, Ығылманға «біз мәңгілік емеспіз. Сұрағандарға айта беретін өтірігіміз де таусылды. Өтеулі тентек, ертең сендерге күн көрсетпес. Ең дұрысы – сендер бұл жерден көшіңдер», - деп кеңес берген. Осы ақыл-кеңесті құп алған аталарымыз Божандардан жер алып, бұрынғы 4-ферма, «Қытайы», «Сарықұмақты» жайлаған. Елде аласапыран болып, қашан елден көшкенше сонда тұрған. Қыс қыстап, жазды жайлаған. Біздің қарт Жанғали да 1910 жылдан 1916 жылға дейін Електе алты жыл оқыған. Сол заманына қарағанда, сауаты едәуір болған.Айта кетерлік жәйт – Өтестен туған Түркебай би болған дейді. Түркебайдың Сейіл деген баласы батыр болған. Оны алаша руы хан деп сайлаған. Оның бас уәзірі, писарь Медет атамыз болған. Сейілдің ұлы Амандықты адайдың 18 жасар қызына 9 жасында үйлендірген. Ханның баласы болғасын, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ», ерке, тентек. Ойына не келсе, соны жасап, бір уполномоченный орыс подполковникті өлтірген. Соны Ақшолақтың әкесі Кенжеғарин Сарығожа губернаторға жеткізген. Орынбордан карательный (жазалаушы) отряд келіп, Сейілді ұстап, тұтқындаған. Қарабура ауылдарының көбін шапқан. Соның салдарынан көп кісі қашып, Бесқалаға кеткен. Ол Хиуа облысы, Қоңырат, Жиделібай, Шымбай, Қойжері, Хиуа қалалары. Сонда жүргенде Медет, Амандық, тағы екі кісі бір өзбектің дүкеніне кіріпті. Төртеуі кіргенде едені сықырлапты. Сонда дүкенші өзбек «апыр-ай, жүз кісі кіргенде сықырламаған мына еден мына төртеуі кіргенде сына жаздады. Мыналар қандай көрікті, әсіресе, мынаусын-ай» депті. Содан көп ұзамай төртеуі де көз тигеннен қайтыс болыпты. Амандықтан – Жүсіп. Жүсіптен – Қаби, Қабидан Баяз деген бала болды. Баяз Теректі ауданының исполком төрағасы болды. Мен өзім сол жақта жүргенде өмірге келген екенмін. 1956 жылдар өмірден Сталин мен Берия өтіп, бұған дейін Ресейдің Башқұртстан, Орынбор жағын паналап жүргендер бір күні оңашада бас қосып, «Бұлай туған жерден жырақ жүре беруге болмас, түбі елге қайтуымыз керек» деп шешулі. «Бірақ, – депті олар – біздің қазақ шаш ал десе, бас алатындар ғой. Кеше кәмпеске уақытындағы жандайшаптар әлі де елде бар. Олар біздер барғанда құшақ жая қарсы алса, жақсы ғой. Ал сөнген шоқтың қоламтасын қайта үрлеп, бізді білмейтіндерге сырттай айтқан көптеген көпірме әңгіме айтса, елім, жерім деп келген бізге жаман. Сондықтан не де болса, байырғы атақонысымызға бармай, бер жағына көшіп барғанымыз жөн болар» десіп, 1958-1959 жылдары Ресейден көшіп келгендер Шыңғырлау, Бөрлі, Теректі аудандарында тоқтап қалады. Себебі, жоғарыда айтып өткендей, кешегі кәмпескіленгендер әлі Қаратөбеде болатын. 1961 жылы ең соңғы көштер келді. Олар Жұмағалидың ұлдары Дүйсен, Мұзафар, Ермек еді. Сосын Бірғалидың жақындары еді. Жұмағалидың балалары Аққозы совхозында «Жұмағали базы» деген әкелерінің мекеніне барып қоныстанады. Совхозға көп жыл адал еңбек етіп, соның арқасында құрметті шығып, елге елеулі, халыққа қалаулы болды. Құрметті ақсақалдар болып дүниеден өтті. Дүйсен ағай өте момын, азырақ жасқаншақтау, шаруаға қырағы еді. Мұзафар ағай қарапайым, шаруа еді. Қызы Зұлайхаға шопандық таяғын беріп, қой бағудың қиындығын өзі көрді. Зұлайха шопандық еңбегі үшін орден, медальдармен марапатталды. Қаратөбе аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Ермек ағай да қарапайым шаруа, қазақы, өте әділ, Ресейде, Қазақстанда да адал еңбекқорлығымен талай марапатқа ие болды (БҚО ПД архиві, негізгі мағлұматтар мына кітаптан алынған: Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544-б.).
Медетов Тілеп Ығылманұлы
- Аты-жөні: Медетов Тілеп Ығылманұлы
- Туған жері: БҚО Гурьев уезі Маңғыстау ауданында №10 ауылда дүниеге келген
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ