Меңдіханов Ишанғали 1872 жылы БҚО Бөкей ордасы Қалмақ ауылында дүниеге келген. Қоғам қайраткері, жәдидшіл ұстаз, алғашқы драматург Ишанғали Меңдіханов 1872 жылы Бөкей Ордасының Қалмақ аймағында (қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданы) кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 1885 жылы Ордадағы екі кластық мектепті бітіріп, кейін Орынбор қаласындағы мұғалімдер семинариясына түседі. 1891 жылы семинарияны аяқтап, Ақтөбедегі екі кластық мектепте 11 жыл мұғалімдік қызмет етіп, 1898 жылы Ишанғали Меңдіхановты қазақ халқының ұлттық мүдделерін қорғаған ашық пікірлері үшін орыс миссионер-мұғалімдері қуғындап, қызметінен босатады. 1899-1902 жылы Ишанғали Ақтөбе уездік бітімгершілік сотында тілмаштық қызмет атқарады. Содан соң елге оралып, Бөкей Ордасын басқаратын Уақытша Кеңесте кеңесші, Қамыс-Самар правителінің көмекшісі болады. 1916 жылы қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу туралы патша жарлығына наразылық білдірген қазақтар құрамында Санкт-Петербургке барады. Осы әрекеті үшін Ишанғали Меңдіханов саяси сенімсіз адам ретінде қызметінен алынып, қуғын-сүргінге ұшырайды. И. Мендіханов – Қазан төңкерісінен кейін өлкедегі саяси өзгерістерді жүзеге асыруға белсене қатысқан қазақ зиялыларының бірі. 1917 жылы 21 сәуірде Хан ставкасында Ішкі Қазақ Орда қисымдары мен округтері болыстары өкілдерінің сиезі ашылды. Сиез мәжілістерінің төрағасына У. Танашев, жиналыс төралқасы мүшелері: дәрігер М. Шомбаловты, Қазан университетінің студенті Ш. Бекмұхамедов, хатшылыққа драматург И. Меңдіханов, мұғалімдер С. Меңдешов пен Ғ. Мұсағалиев сайланады. 1918-1919 жылы Ордада алғаш рет ұйымдастырылған «Жазушылар құрамасы» ұйымына жәдидшіл мұғалімдер тобымен бірге И. Меңдіханов та қатысады. 1918 жылы қыркүйекте өткен Бөкей облыстық ІІ Кеңестер сиезінде И. Мендіханов Облыстық атқару комитетінің жанындағы Ішкі басқару бөлімінің меңгерушісі болып сайланды. И. Меңдіханов – қазақ әдебиетінде драма жанры бойынша артына мұраларын қалдырған алғашқы драматург. И. Мендіхановтың революциядан бұрын жазылған «Малдыбай», «Үйшік үйшік», «Байғұстар» пьесалары қазақ кедейлерінің өмірін бейнелеуге құрылған. 1919 жылы ақпанда И. Мендіханов жұмыс бабымен жүрген кезінде анархист Ефим Панченко бастаған бандалар қолынан қаза табады (БҚО ПД архиві №П3606 Мәжит Шомбалов қылмыстық ісінде және одан басқа да көптеген Батыс Алашордашы істерінде кездеседі; негізгі мағлұматтар мына кітаптан алынған: Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544-б.).
Меңдіханов Ишанғали
- Аты-жөні: Меңдіханов Ишанғали
- Туған жері: БҚО Бөкей ордасы Қалмақ ауылында дүниеге келген
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ