Мергенов Жанқожа (т.ж.б-ө.ж.б) – Батыс Алашорда қайраткері. Батыc Алашорданың саяси қимылдарына белсене қатынасқан қайраткер. Туған және қайтыс болған жылдары белгісіз. Білімді, іскер, саясаткер, алғыр ұйымдастырушылық кабілетімен көзге түскен адам. 1917 жылы желтоқсанда екінші жалпықазақ съезіне құрметті адам ретінде арнайы шақырылып, Алашорданың уақытша кеңесінің құрамын жасақтау ісіне қатысады, ұлт кеңесінің жиналыс өкілі болып белгіленеді. Осыған қарағанда, сол кезде жасы егде тартқан, елге беделді, аузы дуалы ақсакалдардың бірі болса керек. 1918 жылы мамырда Жымпитыда өткен төртінші Орал облыстық қазақ съезінің төралқа төрағасының орынбасары болуы да Ж. Мергеновтің өз тұстастары құрмет тұтқан іскер азамат екенін дәлелдейді. Сол съезде Ойыл уәлаяты уақытша үкіметінің мүшесі болып қабылданып, Ойыл уәлаятының ішкі істеріне жауапты болады. Сол кезде ол қазақ халқының ішкі берекесін шайқалтпау, сыртқы жақта беделін асыру бағытында көп игі іс тындырады. Мансап иеленіп тұрған кезінде елге әділ, ағайынға мейірімді бола біледі. Ең бастысы, Ойыл уәлаятында халыққа жағымды, үкіметке беделді адам болған. Сондықтан 1918 жылы қыркүйекте Ойыл уәлаяты тараған соң да Комучпен келісім бойынша Ойыл уәлаятының комиссары ретінде жұмыс істей береді. 1918 жылы күзде Сібір үкіметі құрылғанда комиссариат қызметі тоқтатылды. Одан соң Шыңғырлау уездік жер басқармасының төрағасы болады. 1918 жылдың аяқ шені мен 1919 жылдың басында халык милициясына жігіт алу, азық-түлік жинау мақсатында Темір, Елек, Қобда бағытында қарекет еткен Алашорданың жедел отрядын басқарады. Бұл ел сенімін аркалаған азаматтың өз ұлты үшін істеген игі істерінің бірі ғана. Ж. Мергеновтің осыдан кейінгі өмірі туралы дерек сақталмаған (БҚО ПД архивінде П-3984 іс Дабыс Жармұхамедов қылмыстық ісінде аталады).
Мергенов Жанқожа
- Аты-жөні: Мергенов Жанқожа
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ