Мұсағалиев (Мусин) Ғабдолғазиз 1880 жылы Бөкей Ордасында дүниеге келген. Тарихшы, қоғам қайраткері, Алашорданы қолдаушы. Алғаш ауыл молдасынан сауат ашқан Ғ. Мұсағалиев одан әрі Қазан медресесіне оқуға түскен. Медресені аяқтағаннан кейін арнайы ақсүйектер мектебінде оқиды. Каирдегі әл-Каһира университетінің заң факультетіне оқуға түсті. Мысырдың бай кітапханасын сүзіп, халифат дәуіріндегі қолжазбалармен танысты, түркі халқының ежелгі тарихын зерттеді. «Гүлжиһан» атты дастанды зерттеп, қазақ тіліне аударды. Университетті бітірген соң 1909-1910 жылдары Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Жапония т.б. елдерді аралады. Сапардан оралған соң Жетісу облысының Қапал уезіне келіп, «Мамания» мектебінде сабақ берді. 1912-1914 жылдары қазақ, татар тілдерінде жарық көрген мерзімді басылымдарда қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, қоғамдық-саяси мәселелері туралы көлемді мақалалар жариялады. Ғылыми еңбектерін «Мұса Ғ.», «Мұса Ғабдолғазиз», «Мусин Ғабдолғазиз» деген аттармен жариялаған. Ғ. Мұсағалиев «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің тұрақты авторларының бірі болған. «Айқап» журналында оның «Тарих», «Қазақ жайынан», «Ухшат», «Бәдәуит һәм мәденият», «Жазу мәселесі», «Айқапты үлкейту хақында», «Кімге өкпелерге керек?» т.б. мақалалары жарияланып, оларда қазақ елінің арғы-бергі тарихы мен мәдениетінің өзекті мәселелері, шет елдермен қарым-қатынастары жөнінде мәліметтер келтірілді. Ғ. Мұсағалиевтің «Жетісу қазақтары жайынан» атты мақаласы («Қазақ» газеті, 1914 ж.) ғылыми құндылығын осы кезге дейін жоймаған. 1917 жылы Ордада «Ұран» аталатын жартылай ресми газет шығарды. 1918 жылы сәуір-мамыр айларында өткен Бөкей Ордасы Кеңестерінің І съезіне төрағалық етті. Ғ. Мұсағалиев Ордада 2-5 қыркүйекте өткен мұғалімдердің І съезінде төралқасының тұрақты төрағасы міндетін атқарды. «Дұрыстық жолы» газетін, «Мұғалім» атты журналды (10 нөмірі жарық көрді) шығарып, таратуға үлес қосты. 1923 жылдан бірыңғай әдеби қызметпен айналысты. Ғ. Мұсағалиевтің бұдан кейінгі өмір жөніндегі деректері тым аз. 1933 жылы Алматыда қайтыс болған (БҚО ПД архивінде №П-2451 іс Қ. Қосдаулетов ісінде аталады).
Мұсағалиев (Мусин) Ғабдолғазиз
- Аты-жөні: Мұсағалиев (Мусин) Ғабдолғазиз
- Туған жері: Бөкей Ордасында дүниеге келген
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ