Мұхитов Ғұбайдолла Мұхамбетжанұлы (Шоңұлы) 1896 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Жақсыбай болысының Ақбақай ауылында дүниеге келген. Батыс Алашорда қайраткері, сазгер. Тегі – төре. Атақты әнші Мұхит Мерәліұлының бел немересі – әншінің бәйбішесі Ермектен туған үш ұлдың үлкені Шоңның (Мұхамбетжан) баласы. Жақсыбай болыстық орыс-қазақ училищесін бітіргеннен кейін Орал мұғалімдер семинариясын тәмамдап, елде мұғалім болды. 1916 жылы Батыс майданда тыл жұмысында жүрген Жайық өңірі жұмысшы жасақтарында жүзбасы. 1917 жылы жазда елге оралып, уездегі Алаш қозғалысына, қазақ атқару комитеті және земстволық управа жұмысына араласты. 1918 жылы мамырда Жымпитыда өткен 4-Орал облысы қазақ съезіне қатысты. Сол жылы жазда Ойыл бекінісінде ашылған 1-қазақ кавалерия юнкерлік мектебінде оқып, оны 1918 жылы 1-қазанда прапорщик шенімен бітіріп шықты. Алаш полктеріне алынған қазақ жігіттерін әскер өнеріне үйрететін нұсқаушы болды. Жымпитыдағы Алаш полкінде қызмет етіп, Ойылдағы Батыс Алашорда Халық әскері пггабы жанындағы офицер ретінде жаңадан әскер бөлімдерін жасақтаумен, күзет жұмыстарымен айналысты. 1919 жылы көктемде Қаратөбеде өткен 5-Орал облысы қазақ съезінің қарарымен Жымпиты, Қаратөбе және Ойыл юнкерлік мектебінің алғашқы түлектері – прапорщиктерінің қатарында Ойыл маңында жинақы халық әскери жасақтарын құрысты. 1919 жылы күзде құрамында Мұхитов бар 28 офицер басқарған Алаш полкі Орынбор казактары полктерімең бірге Ойыл бекінісін қорғап тұрды. Қазан айында осындағы Алаш құрамалары адай жасағының шабуылына ұшырағаннан кейін полктің қалған бөлігімен Қызылқоға кентіне ығысты. 1919 жылы қараша айында Батыс Алашорда үкіметі жанында Миялы жайлауындағы отрядты басқарған 8 офицердің бірі. Бисенов, Шабназаров, Оспанов т.б. офицерлер тобымен бірге Кеңес жағына шығуды қолдады. Генерал А. Акутиннің Елек казак корпусын қолға түсіру операциясын жүзеге асыруға қатысты. Түркістан майданы қолбасшысының 1919 жылы 20 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес Алаш әскери құрамалары қарусыздандырылғаннан кейін ел ішінен аулақтатылған командалық құрам қатарында 1920 ж. басында Орынбор қаласына әкетіліп, Қазақ өлкелік әскери комиссариатының қарамағына берілді. Айтылмыш комиссариаттың 1919 жылғы 9 наурыздағы бұйрығына сәйкес бұрынғы Алашорда әскери қызметшілерінің әскери дайындық деңгейін анықтау мақсатында құрылған комиссияның аттестаттауынан өтті. Түркістан майданы Қазақ әскерлері ерекше бөлімінің мақұлдауымен әскери дайындығын жақсарту үшін Борисоглебскідегі Орынбор кавалериялық командалық құрам мектебіне жіберілді. 1921-1922 жылдары аталмыш мектептің курсанты. Мұхитов музыкаға да аса қабілетті болған. Інісі Лұқпан екеуі Мұхит әндерін әкесінің ағасы Нәудің баласы Шайхыдан үйреніп, ел ішінде Мұхиттың ән дәстүрін таратуға белсене атсалысты. 1920 жылы жазда А. Затаевичке Мұхит әндерін алғаш айтып, нотаға түсіртушілердің бірі. Ғ. Мұхитов – Мұхит әндерін академиялық дәлдікпен, табиғи нақышпен жеткізуші. Затаевич «Ах, дариға-ай» әнін алғаш Қуандық Жездібаевтан жазып алғанымен, кітабына Мұхитов вариантын енгізгеніне қарағанда, оның әншілік қуаты күшті болған. Мұны Ғ. Мұхитовтың белгілі «Қазақтың 1000 әні» кітабына кірген материалдарды сараптау, баға беру комиссиясының құрамында болғаны дәлелдей түседі. Ғ. Мұхитовтың «1000 ән» жинағының Орал бөлімін дайындауда еңбегі ерекше болды. Ол әуен жаздырумен бірге халық композиторларының өмірдерегі, ән-күйлер шежіресі туралы мол мағлұматтар берген. 1922 жылы командалық курсты аяқтаған Ғ. Мұхитов Орта Азияға қызыл командир етіп жіберілді, басмашыларға қарсы ұрыс қимылдарына қатысты. 1924 жылы әскери қызметтен босап, елге оралды, әр түрлі жауапты қызмет атқарды. 1927 жылы күзде Бөкей ордасынан қайтып келе жатқан А. Затаевичпен Орал қаласында екінші рет ұшырасып, Жайық өңірі әндерін Мұхит шәкірттері орындауында жаздыру ісін ұйымдастырды, өзі де бірнеше ән және «Абыл», «Нарату», «Өтті-кетті», «Таз бала» секілді күйлерін жазғызды. 30-шы жылдың басында Орал облысы атқару комитетінде істеді. Кейінірек қуғын-сүргінге ұшырап, 1937 жылы қазан айында «халық жауы» ретінде он жылға жер аударылды. Екі жылдан соң үкім өзгертіліп, бостандыққа шықты. Алайда астанада тұрып, күйшілік дарынын өнерпаз ретінде толық танытуға мүмкіндігі болмай, Алматы облысы Қапал қаласындағы пед. училищеде сабақ берді. Мұхитовтың әкесі Шоң да асқан домбырашы, скрипкашы, ағасы Л. Мұхитов Құрманғазы оркестрін құрушылардың бірі болған. 1944 жылы қайтыс болған (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544 б.).
Мұхитов Ғұбайдолла Мұхамбетжанұлы
- Аты-жөні: Мұхитов Ғұбайдолла Мұхамбетжанұлы
- Туған жері: Орал облысы Ілбішін уезі Жақсыбай болысының Ақбақай ауылында дүниеге келген
- Жаза түрі: Жер аудару
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ