Мырзағалиев Мұхаммед-Хафиз 1887 жылы Орал облысы Орал уезі Қараоба болысы Дуанакөл ауылында дүниеге келген. Қазақ, Алашорданың алғашқы мүшелерінің бірі. Мемлекет қайраткері, Жайық өңіріндегі революциялық қозғалысқа қатысушы. Болыстық орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін Орал реалдық әскер училищесіне түсті. Осында училище оқушысы М. Беньяминович құрған академиялық мақсаттағы оқушылар ұйымының жұмысына қатысты. 1908-1914 жылы Саратов маңындағы Марийнск ауыл шаруашылығы мектебінде оқыған. 1914-1917 жылдары Саратов губерниясы Новоузен уезіне қарасты Александров-Гай селосында учаскелік агроном. 1917 жылдың аяқ шенінде елге оралды. 1918 жылы қаңтарда Жайық сырты земство гласныйлары (сайлаушылары) жиналысында Жайық сырты земство басқармасының мүшесі болып сайланды. Айтылмыш жергілікті өзін-өзі басқару құрылымы мен Орал Войско үкіметі жер мәселесін шешу үшін бірлесіп құрған Одақтық Жер комитетінің құрамына кірді. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен ІІІ Қазақ Орал облыстық съезінде Жанша және Халел Досмұхамедовтер тобынан ірге ажыратып, Ғ. Әлібеков, Е. Қасаболатов т.б. құрған «Ақ жол» ұйымына қосылады. Съезден соң Е. Қасаболатов, Ә. Әлібековпен бірге Орал қаласына келеді. 1918 жылы 29 наурызға қараған түні Орал Войско үкіметі М. Меңдіғазиевтің үйінде заңсыз қару сақтағаны үшін «Ақ жол» тобы мүшелерімен бірге тұтқындалады. Облыстық земство басқармасы төрағасының орынбасары К. Жәленовтің көмегімен босатылады. 1919 жылы қаңтарда Орал қаласын Чапаев дивизиясы қоршаудан босатқан соң наурыздың орта шенінде Ғ. Әлібеков тобының ұйғаруымен Ә. Әлібеков, Қ. Тәтібековпен бірге Орал қаласына келіп, РК(б)П қатарына өтуге арыз береді. Ақ казактардың Орал қаласын көктемгі қоршауы кезінде Қызыл Армияның 22-дивизиясының 66-жеке қазақ атты әскер эскадроны қатарында қала қорғанысына белсене қатысқан. Қорғаныс күндері Ә. Әйтиев пен С. Арғыншиевтің кепілдемесімен РК(б)П қатарына қабылданады. Сол жылы жазда 4-армия Ерекше бөлімінің бастығы Федоровичтің тапсырмасымен Б. Әлжанов, Г. және А. Тухватулиндармен бірге Жайықтың сол жағалауына бойлай еніп, ақ казактардың тылында барлау жұмыстарын жүргізеді. 1919 жылы қыркүйекте Жайықтың қазақ бөлігі мен Бөкей Ордасын басқару үшін құрылған Қазәсревком Орал бөлімшесінің мүшелігіне кандидат, кейінірек айтылмыш басқару органы төрағасының орынбасары, 1919 жылы қарашадан Жымпиты уездік ревкомының мүшесі. 1920 жылы 21 қаңтардағы Орал РК(б)П губерниялық комитетінің шешімімен Ә. Әлібековтің орнына Жымпиты уездік ревкомының төрағасы болып сайланады. Сол жылы мамырда РК(б)П ОК қаулысына сәйкес РК(б) П Қазақ облыстық ұйымдастыру бюросының құрамына енгізіледі. Орынборға шілде айында келді, тамыз басында РК(б)П Қазақ облыстық бюросы мен РК(б)П Орынбор губкомының бірлескен қаулысымен Бүкілресей Төтенше комиссиясы уәкілетті өкілінің орынбасары және Орынбор-Торғай Төтенше комиссиясының төрағасы болып тағайындалады. 1920 жылы қазан айында өткен Бүкілқазақ Кеңестері құрылтай съезінде ҚАКСР ОАК мүшесі және Ішкі істер халық комиссары болып сайланды. Қарашада ҚАКСР ОАК жанындағы Кеңестерге қайта сайлау өткізу жөніндегі орталық комиссияның және Қазақ Бас еңбек комиссариатының мүшесі. Желтоқсанда ҚАКСР Халық комиссары кеңесі төрағасының орынбасары және Қазақ Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің төрағасы. 1921 жылы 27 қаңтар-11 маусым аралығында РК(б)П Қазақ облыстық бюросы төралқасының жауапты хатшысы. Осы қызметте республиканың социалистік жолмен дамуында өз ерекшелігі барын, партияның орталықтағы қызмет әдіс-тәсілін Қазақстанға механикалық жолмен көшіре салуға болмайтынын табанды түрде дәлелдеді. 1921 жылы маусымда өткен І облыстық РК(б)П конферециясында М-Х. Мырзағалиевтің тезистері ұлт саясаты жөнінде қабылданған қарарға негіз етіп алынды. Айтылмыш конференцияда РК(б)П Қазақ облыстық комитетінің жауапты хатшысы болып сайланады. Тамызда РК(б)П Қазақ облыстық комитеті төралқасының Жайықтың сол жағалауын қазақ халқына пайдалануға беру жөніндегі ҚАКСР ОАК декретіне Орал губкомының қарсылығы қаралған мәжілісінде айтылмыш губком хатшысы Карасевтің Орал губкомын ҚАКСР құрамынан бөліп алу, орыс-казактарды артықшылықты құқықпен бөлек аумақ етіп межелеу жөніндегі ұсынысын өлтіре сынады. Аталған төралқаның ІІ Бүкілқазақ Кеңестері съезі қарсаңында өткізілген мәжілісінде қазақ қызметкерлері арасында жік туғызған әрекеті үшін БОАК өкілі Кагановичті батыл айыптады. ІІ Бүкілқазақ съезінде (1921, қазан) ҚАКСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болып сайланды. 1922 жылы қазан айының орта шенінде РК(б)П Қазақ облыстық комитеті төралқасының бұрынғы Алашорда қайраткерлері А. Кенжин мен С. Қаратілеуовтің мәселесі қаралған мәжілісінде екеуін қорғап сөйледі. Сол қазан айында партиялық тазарту жөніндегі Орталық Бақылау комиссиясының араласуымен Халком кеңесі төрағасы қызметінен босатылды. 1923 жылы қаңтарда РК(б)П Қазақ обл. комитеттің шешімімен РКФСР Халық комиссарлары Кеңесі жанындағы ҚАКСР өкілі етіп Мәскеуге жіберілді. 1925 жылы маусым айында осы қызметте жүріп Қазақ өлкелік партия комитетінің Қазақстан аумағын межелеу жөніндегі комиссиясының құрамына кіреді, осы мәселе жөніндегі БОАК комиссиясының алдына Торғай облысын революцияға дейінгі шекарасымен қалпына келтіру, Қостанай және Ақтөбе губернияларын ҚАКСР құрамында тұтас қалдыру, сондай-ақ Орынбор губерниясының қазақтар тұратын бөлігін ҚАКСР аумағына қарату жөнінде принципті мәселе қойды. Мырзағалиев Мұхаммед-Хафиз тезистері Қазақстан үкіметінің осы мәселе бойынша ұстанған позициясына негіз етіп алынды. Ол 1926 жылдың орта шенінде Қазақстанға оралады. ҚАКСР ОАК мүшесі, 1926 жылдың 30 маусымынан 1929 жылдың 28 мамыры аралығында ҚАКСР Қаржы халық комиссары. 1930-1937 жылдары РКФСР Жер шаруашылығы халық комиссариатында жауапты қызметтер атқарады. Шыншыл да принципті Мұхаммед-Хафиз 1938 жылы революциялық қызметті серіктестері өрескел заңсыздықтың құрбаны болғанын естіп, Алматы қаласына келген жерінде ІІХК органдары тарапынан тұтқындалып, түрмеге қамалады. 1941 жылы қайтыс болған. (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544 б.).
Мырзағалиев Мұхаммед-Хафиз
- Аты-жөні: Мырзағалиев Мұхаммед-Хафиз
- Туған жері: Орал облысы Орал уезі Қараоба болысы Дуанакөл ауылында дүниеге келген
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ