Наурызалин Исламғали 1888 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Қаракөл болысының Саралжын ауылында дүниеге келген. Арнаулы білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Батыс Алашорда мүшесі. Қаракөл 2 сыныптық орыс-қазақ мектебін бітрген соң (1910) Воронеж фельдшерлер мектебіне түсіп, осы оқу орнын 1914 жылы тәмамдады. 1914-1920 жылдары Жымпиты земстволық ауруханасында фельдшер, 1917-1919 жылдары Алаш қозғалысына үн қосып, жергілікті земстволық өзін-өзі басқару органы жүйесінде денсаулық сақтау мекемелерін құру ісін жолға қоюға атсалысты. 1920-1924 жылдары Қаратөбе учаскелік ауруханасында фельдшер, 1924-1928 жылдары Мәскеу мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқыған. 1928-1930 жылдары Батыс Қазақстан облысындағы жаңадан ұйымдасқан Шалқар ауданында аудандық аурухана меңгерушісі, 1930-1941 жылдары Қаратөбе учаскелік ауруханасының, кейінірек аудандық аурухана меңгерушісі қызметтерін атқарған. ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде 1941-1944 жылдары Мәскеу облысының Кашира қаласындағы 4839-эвакуациялық госпитальда әскери дәрігер ретінде Ұлы Отан соғысын медицина қызметінің капитаны шенімен аяқтаған. Қаратөбе аудандық ауруханасының меңгерушісі (1944-1951 жж), бөлім меңгерушісі (1951-1964 жж) болып жұмыс жасаған. Қаратөбе аудандық ауруханасы И. Наурызалиннің есімімен аталады. 1964 жылы қайтыс болған (БҚО ПДА, Үштіктің хаттамалары).
Наурызалин Исламғали
- Аты-жөні: Наурызалин Исламғали
- Туған жері: Орал облысы Ілбішін уезі Қаракөл болысының Саралжын ауылында дүниеге келген
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ