Нұралыханов Сәлімгерей Зұлқарнайұлы 1878 жылы 18 шілдеде Бөкей губерниясының Меңдіханов болысында дүниеге келген. Мемлекет қайраткері, Батыс Алашорданың белсенді мүшесі, заңгер. Ол Орынбордағы гимназияға оқуға түсіп, 1899 жылы оны үздік бағамен аяқтаған. Жиырма жасында Астрахандағы округтік сотта тілмаштық қызметке кіреді. Көп кешікпей ұқыпты, тиянақтылығымен көзге түскен жас Сәлімгерей 1905 жылы Астрахан губерниясы ұлығының көмекшісі болып тағайындалды. Сәлімгерей Нұралыханов жоғарғы қызметке білімінің аздығын сезіндіме, өз еркімен сұранып, Қазан университетінің заң факультетіне түседі де, оны 1913 жылы аяқтайды. Осы жылдан бастап Сәлімгерей Нұралыхановтың біржола ден қойған кәсіби қызметі құқық саласында, Астрахань округтік сотында іс жүргізуші, сот тергеушісі сияқты бірқатар міндетті атқарады. Сәлімгерей ұлттық ұстанымы берік, әр басқан қадамына байыппен қарады. Оның басты себебі Кіші жүздің ханы Нұралы әулетінің орыс патшасының отаршылдығынан туған саяси қысымшылықты ерте көргендігінен еді. 1916 жылғы көтеріліс пен Ақпан төңкерісінен соң Сәлімгерей Нұралыханов Алаш қозғалысының ортасында жүрді. Жалпықазақ съездеріне Б.Құлманов,У.Танашев,С.Нұралыханов «Алаш» партиясы атынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланды. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен І Бүкілқазақтық съезде Алаш партиясынан Бөкей Ордасының құрылтайына делегат болып сайланды. Ал 1917 жылдың 5-13 желтоқсанда ІІ Бүкілқазақ съезінде Алаш үкіметі Халық Кеңесінің мүшелігіне кандидат болып сайланды. Олар билікке араласқан кезде қарапайым күштеу, зомбылық саясатының ушыққан уақыты еді. Осынау аласапыран тұста билікті анықтаудың өзі оңайға түспеді. Осы жағдайдың себебін Мақсат Тәж-Мұрат «Ғұмар Қараш» еңбегінде дәлелдей түсуге тырысады: «Уақытша үкімет комиссары Әлихан Бөкейхановқа арқа сүйеген Бақтыгерей Құлманов Хан Ставкасы Атқару Комитетін тұқыртып алмақ болды. Сөйтіп, басқа шауып, төске өрлеген сауатсыз, жерсіз бүлікшінің бір-екеуін ұстап алып, жұртқа көз қылып, абақтыға салды және Құрылтай жиналысына делегат сайлауды демократиялық негізде, пәрменді жүргізе бастады» дейді. Алайда 1917 жылы арпалыс кезінде большевик үгітшілеріне сеніп қалған және Б. Құлманов пен ОАК-ға қарсы тұрған қазақ оқығандары Сәлімгерей Нұралыханов, Ишанғазы Саматов, Досығұл Темірәлиев, Ғабит Сарыбаев, Жұмағали Ізбасаров, Ғалым Сәлімов болды. Сол жылы маусымда осы топқа қарсы оңшыл эсер Қадыр Әзербаев, меньшевик Мұстафа Көкебаев, алашшыл Уәлитхан Танашев бастауымен «Жігер» үйірмесі құрылады. Бірақ жер мәселесін сол кездегі саяси жағдайлар одан сайын қиындатып жіберген болатын. Елде алыпсатарлық, азық-түлік тапшылығы одан сайын тереңдей түсті, қазақ жігіттерінің төзімі таусылып, жерді тартып алып, бөліске сала бастады. Кедейлер аштан өліп, көштен қалмауы үшін жанталасты, яғни қарапайым халық та, оқыған зиялы топ мүшелері де бір-біріне сенімсіздік танытты. 1917-1919 жылдары Алашордадағы басталған қызметін жалғастырған С. Нұралыханов Ревкомның Қалмақ облысына билiк жүргiзетiн басқармасында бастықтың кеңесшiсi әрi көмекшiсi болады. 1919 жылдың сәуiрiнде қазақтың әскери полкiн жасақтаушы әскери комиссар, кешегі Алаш қайраткерлерінің бірі – Мұхамедияр Хангерейұлы Тұңғаншиннiң шақыруымен Бөкей губерниясына келедi.
Ел аузында есімі үлкен құрметпен аталып жүрген қазақ зиялысы, қадағалау органының тарихында өзіндік із қалдырған осындай прокурорлардың бірі – Сәлімгерей Нұралыханов. Ол Ресей империясының іргелі оқу орны император атындағы Қазан университетi заң факультетiнiң түлегi. С. Нұралыханов аумалы-төкпелi заманда, яғни ақ патшаның және Кеңес өкiметiнiң тұсында да жоғары дәрежелi қызметтердi атқарған, өз ортасының беделдi азаматы. С. Нұралыханов Жаңғала және Таловка секілді бірнеше уездiң прокуратура, сот жұмысын тексеру, қылмыстық iстерге сараптама жасау сияқты қай шаруаны қолға алса да, асқан жауапкершiлiкпен орындап, әдiлдiгiмен таныла бiлген. Қызметіне қатысты жеке құжаттарын толтырғанда ол қазақ, орыс тiлiне қоса француз тiлiн меңгергендiгi, латынша оқып, жаза алатындығы айтылады. Және де үнемi өзiн жақсы бiлетiн, жақын араласатын жолдастары Сейітқали Меңдешевтi (Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң төрағасы) және Мәжит Шомбаловты (Денсаулық сақтау Халық комиссарының орынбасары) атап отырады. С. Нұралыхановтың 1920 жылдың қарашасында Бөкей ордасының таңдаулы өкілдерімен бiрге І Бүкiлқазақтық Кеңестер съезiне қатысқанын, кейiннен Мәскеуде өткен Бүкiлресейлiк сот қызметкерлерiнiң І съезiне Қазақстаннан делегат болып қатысқан тұңғыш қазақ болғанын да айтқанымыз жөн. 1924 жылдың сәуiрiнде Республика прокурорының көмекшiсi А. Вшивковтың атынан С. Нұралыхановтың Орынборға (ҚазАКСР-ының астанасы) орталық прокуратураға қызметке келуге келiсiмi сұралады. Алайда алыс уездердің бiрiнде жүрген С. Нұралыханов губерния прокуроры Судоргинге былай деп жеделхат жолдайды: «Мен 12 мамырда айыптаушы ретiнде Козлов, Сустин, Құсайыновтардың пара алу iстерiне байланысты сот процесiне қатысуым керек. Сондықтан iстi тексерiп, аяғына жеткiзу үшiн іссапарлық уақытымды созуыңызды сұраймын» дейді. Сөйтiп, лауазымнан гөрi iстiң мүддесiн жоғары қойған Сәлiмгерей Нұралыханов тек маусымның ортасында ғана Орынборға келедi. Содан бiрден Жоғарғы Соттың прокуроры қызметiне тағайындалды. Көп кешікпей, тамыз айының соңында Орда өңiрiнде орналасқан жанұясын көшiрiп әкелгені айтылады. Әйелi Қазына үй шаруасында, ұлы Баязит (17 жаста) рабфактың тыңдаушысы, Шәмiл (13 жаста) мен Жәңгiр (9 жаста) мектеп оқушылары болатын. Сондықтан да Ф.И. Голощекиннiң Қазақстанға партия басшылығына келуiмен кешегi саяси оппозицияда болғандар, ақ патша тұсында жоғары бiлiм алғандар, билер мен байлар, хан тұқымдары қызметтен мүлдем аластатылған тұста С. Нұралыханов та қуғын-сүргінге ұшырағаны анық (БҚО Бөкей орда тарихи-өлкетану музейінің қорынан алынған).
Нұралыханов Сәлімгерей Зұлқарнайұлы
- Аты-жөні: Нұралыханов Сәлімгерей Зұлқарнайұлы
- Туған жері: Бөкей губерниясының Меңдіханов болысы
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ