Нұрмұхамедов Хасан хазірет 1871 жылы Орал облысы Гурьев уезінің Тайсойған болысында (қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданы) Бүйрек құмын қыс қыстап, Қаратөбе, Ойыл өңірін жаз жайлаған Нұрмұхамед байдың отбасында дүниеге келген. Алашорданың белсенді мүшесі, тегі – байұлына жататын шеркеш руының қылышкескен бөлімінен. Тайсойған құмында медреселі мешіт ұстаған. Алашорданың Батыс бөлімінің жетекшілерінің бірі Х. Досмұхамедұлы арқа сүйеген ықпалды адамдардың бірі.
Хасан хазіреттің есімі тек дін қайраткері, мешіт-медресе иесі ғана емес, ел ағасы ретінде де дүркін-дүркін шығып отырған. Орынбордан шығатын «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 25 мамырдағы санында «Орал қазақтарының тілегі» атты мақала жарық көрген. Ресей Мемлекеттік Думасы жанындағы Мұсылман фракциясына алты талап қойған қазақтардың дені дін қайраткері, ишан-хазіреттер еді. Мақалаға қол қойған 15 адамның тізімінде Хасан ишан Нұрмұхамедұлы да аталады. 1917 жылы сәуірде Орал қаласында өткен 1-Орал облыстық қазақ съезінің делегаты. Осы жиында Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне Орал облысынан делегат болып сайланады. Сол жылы мамыр айында Мәскеуде өткен Мұсылмандар съезінен соң осындағы қазақ делегаттарының кеңесіне қатысып, кеңес қаулысымен 1917 жылы 1 тамыз – 10 қыркүйек аралығында Ташкент қаласында жалпықазақ съезін өткізуді қолдады. 1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында өткен 2-Жалпықазақ съезінің делегаты. Съезде Алаш автономиясын дереу жариялауды және автономияға Түркістан қазақтарын қосып алуды жақтап дауыс берді. 1917-1919 жылдары Ойылда, Қаратөбеде, Жымпитыда өткен облыстық қазақ съездерінің делегаты, 4-Орал облыстық қазақ съезінің қарарымен құрылған «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің жанынан ойылдық мұхбар Сағидолла Ізтілеуовтің төрағалық етуімен ұйымдастырылған Дін істерін басқару жөніндегі комиссияның мүшесі, «Ойыл уәлаятының» Тайсойған, Бүйрек, Кермеқас, Қызылқоға, Қарабау өңіріндегі мұхтасибы. 1919 жылы 10 желтоқсанда Қызылқоға ауылында өткен Батыс Алашорда қала және ауыл земство өкілдері мен зиялы қауым өкілдерінің, ел ақсақалдарының басқосуына қатысып, кеңес жағына шығуды жақтады. Батыс Алашорда таратылған соң Тайсойғандағы мешітінде діни істермен айналысты. 1925 жылдан бастап өзге діни қайраткерлермен бірге өкімет тарапынан қатаң бақылауға алынып, діни-рухани қызметіне шектеу қойылды. Уезд орталығы Гурьевке келіп, дүркін-дүркін белгіленіп тұру талап етілді. «1928 жылы байларды тәркілеу мен діни қызметкерлерді жазалау жаппай етек алған кезде Хасан хазіреттің мешіті тәркіленіп, өзі істі болған. Сол жылы Тайсойғандағы Ахмедияр халфе мешіті, Еркінғали ахун мешіті, Қарабала мешіті, Маман мешіті, Жайық бойындағы Тегісбай және Құспан, Ғаббас, Мырзағали мешіттері, Толыбайдағы Хасан, Құбайдолла, Нарындағы Әйіп, туған-туыстары және басқа да діни қызметкерлер жаппай қуғынға ұшырады. Хасан Нұрмұхамедов 1930 жылы аудандық соттың шешімімен «мемлекеттік салықты мезгілінде төлемегені және жекеменшік малын жан-жаққа үлестіріп, қасақана жойғаны үшін» сотталып, 2 жылға бас бостандығынан, 3 жылға жер аудару жазасына кесілген. Тергеу құжаттарында Хасан хазіреттің 1933, 1935, 1936, 1937 жылдары Гурьев округіне, Доссор-Мақат мұнай кеніштеріне, Орал округінің Қаратөбе ауданына сапарлап барғанын көрсетеді. Кейін НКВД тергеушілері бұл сапардың бәрін де Совет үкіметіне қарсы контрреволюциялық астыртын ұйымның тапсырмасымен болған деген қорытынды жасайды. Айыптау қорытындысында Хасан Нұрмұхамедов бүкіл КСРО-ны қамтыған пансиламистік антисоветтік террористік ұйым мүшесі, жергілікті жетекшілерінің бірі ретінде айыпталады. Бұл топтың жоғарыдағы басшылары Уфа қаласындағы муфтиат өкілдері Кашафутдин Тәржіманов пен Маһди Мақұлов болса, Батыс Қазақстандағы филиалын Хасан Нұрмұхамедов, Сағидолла Ізтілеуов, Қуанай Қосдәулетов сынды хазіреттер басқарған делінеді. Ақыры 1937 жылы тұтқындалып, Орал қаласындағы ел аузында «Қырық тұрба» аталатын губерниялық түрмеге қамалды. «Маңғыстаулық мүхтасиб Хади Султанов, белгілі Оразмағамбет молда Тұрмағамбетов, имам Әбі Өтемағамбетовпен бірлесіп жапон тыңшысына агент болды, ақ эмигрант Мұстафа Шоқаймен астыртын байланысты» деген айып тағылды. Сонымен бір мезгілде Хасан хазіреттің туған-туысқандары және Қаражан Сарбөпиев, Нұғыман Хасанов, Мырзағали Иманғазиев, Қосмұқан Маманов секілді пікірлес, таныстары қудаланды. Белгілі «Хасан хазірет мешіті» бұзылып, жоқ етілді. Хасан хазіреттің 1936 жылдың соңына қарай Ойылдан Қаратөбеге сапар шегіп, бірнеше адаммен, соның ішінде белгілі ишан-хазіреттермен кездесуі де тергеу орындарының назарынан тыс қалмаған. Осы айыптаулар ақыр соңында хазіреттің 1937 жылы 5 желтоқсанда «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілуіне әкелді. Сол сапарда Хасан хазіретпен кездескен, үйінде қонақ еткен адамдардың бәрі де қудалауға ұшырап, 1937 жылы атылған. Хасан хазіреттің өзі КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясы «үштігінің» қаулысымен 1938 жылы ақпанда ең ауыр үкім – ату жазасына кесілді. Үкім 7 желтоқсан күні кешкі 22:00 сағатта орындалған. 1959 жылы 26 ақпанда Түркістан әскери округінің Әскери Трибуналы істің қылмыс құрамы жоқтығына орай ақтаған. (БҚО ПДА 6-қор, №П-1124 іс, Х. Нурмухамедовтың қылмыстық ісі, осы істе 25 адамның қылмыстық ісі тіркелген, сонымен бірге Қабжан Қ. Қуғындалған хазіреттер.... 153-186-бб).
Нұрмұхамедов Хасан хазірет
- Аты-жөні: Нұрмұхамедов Хасан хазірет
- Туған жері: Орал облысы Гурьев уезінің Тайсойған болысы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ