Бұйрин Елеусін (Бұйраұлы Елеусін) 1874 жылы БҚО Жаңақала ауданында дүниеге келген. Алғашқы қазақ журналистерінің бірі, ақын, қоғам қайраткері. Бөкей ордасындағы Жәңгір хан мектептерінің бірінде білім алған. Осындағы мектепте алты сыныптық білім алған ол 1896 жылы Қазан қаласына оқуға барып, сондағы мұғалімдер семинариясын бітірген. Семинариядан кейін Астрахань қаласына келіп, мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Осында жүріп қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, алғашқы қаламгерлік қабілетін шыңдайды. Елді мәдениетке, өркениетке шақыратын көшбасшы құрал баспасөз екендігін аңғарып, жаңа сипаттағы газет шығаруға бел байлайды. Бұл мақсатын іске асыру үшін қазақ зиялылары – Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Мәжит Шомбалов, Сейітқали Меңдешовпен бірігіп, 1911 жылы Ордада «Қазақстан» атты газет шығарады. 1911-1913 жылдары газет редакторы болады. Ол Шәңгерейдің ақыл-кеңесімен «Қазақстан» сөзін тұңғыш рет ресми тілге енгізді. 1920 жылдарға дейін туған жерінде түрлі қызметтер атқарған. 1921 жылы мамырда Кеңестердің Бөкей губерниясынан I съезіне делегат болып қатысқан. 20-жылдардың орта шенінде адвокат, кейінірек Қазақ АКСР Ағарту халкомында қызмет істейді. 1930-32 жылдары Алматы қаласындағы музейде ғылыми қызметкер болады. 1932 жылы елде саяси қуғын-сүргіннің алғашқы толқыны басталып, қазақ зиялылары ұстала бастаған соң Елеусін Бұйрин күз айында Тәжік АКСР-ының орталық архив басқармасына инспектор болып қызметке орналасады. Алайда НКВД-ның құрығынан құтыла алмайды. 1933 жылы 16 сәуірде қызметінен қуылып, көп ұзамай 1933 жылы Тәжікстанның Душанбе қаласында аштықтан дүние салады.
Қайраткердің артында қалған әдеби мұрасы ол өзі шығарып тұрған «Қазақстан» газетіндегі мақалалары мен көсемсөздері және «Ызың» атты өлеңдер жинағы, «Әу, қазақ», «Азаматқа» деген екі өлеңі мен аудармасына қоса «Қазақстан» газетінде жарияланған. 1998 жылы Орал қаласындағы облыстық баспахана үйінде (Чапаев, 39) қайраткерге арнап ескерткіш тақта қойылған (Алаш. Алашорда. Энциклопедия....116-117-бб.).