Бредихин Степан Федорович 1888 жылы Самара губерниясында дүниеге келген. Ұлты – орыс, білімі бастауыш. Алашорданы қолдап, Алаш милициясы құрамында болған, Таловка ауылында ақ гвардияшылардың қорғаныс комитетін құрған. 1931 жылы тұтқындалып, 1932 жылы 31 наурыздағы ОГПУ Үштігінің шешімімен РКФСР ҚК 58-2, 58-13-баптары бойынша сотталып, бүкіл мал-мүлкін тәркілеумен қатар 10 жылға концлагерьге қамалған. С. Бредихинге «1917-1918 жылдары БҚО Казталов ауылында ақ гвардиямен бірігіп, қызылдар әскеріне қарсы қарулы қақтығыстар ұйымдастырып, жергілікті жерлерде Кеңес үкіметінің өкілдерін тұтқынға алған. Кеңес үкіметінің белсенді өкілі, Шығыс майданның басқарушысы Панасюк Порфирий Герасимовичті тұтқындауды ұйымдастырып, артынан оны атып салған, Алғай стансасынан помещик Овчинников басқарған ақ казактар отрядын шақыртып, Кеңестер жағына шыққан ауылдарды қиратқан, аталған өңірдегі Кеңестердің төрағасы Панченко Иванды тұтқындап, оны Алғайға аттандырып, артынан өлтірген т.б. қылмыстық істерге қатысы бар. Өздері басып алған Таловка ауылында ақтардың қорғаныс комитетін құрып, оның төрағасы болып М. Қарабаев, әскери комиссары болып С. Бредихин тағайындалған. Ақ гвардияшылар дружинасы құрылып, оның басшылық құрамына С. Бредихин кірген. Ол жергілікті жерді жақсы білгендіктен, партизандар мен қызылдар әскерлерінің жасырынған орындарын тауып, оларды тұтқындап, Алғай стансасына әкетіп, атып өлтірген» деген айып тағылған. Қылмыстық іс бойынша М. Қарабаев пен С. Бредихин бірігіп, Таловка мен Алғайда жалпы саны 43 адамның (қызыл әскер құрамында болғандар) өліміне қатысы бар деген күдікпен жазаланып, күні бүгінге дейін ақталмаған (БҚО ПД архиві, №1 қор, №2192, Қарабаев пен Бредихиннің істері). Ақталмаған.
Бредихин Степан Федорович
- Аты-жөні: Бредихин Степан Федорович
- Туған жері: Самара губерниясы
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ