Омаров Салық Орал облысы Жымпиты уезі Өлеңті болысының Жетікөл ауылында дүниеге келген (т.ж.б.). Алашорданың Батыс бөлімшесінде қызмет еткен қоғам қайраткері. Омаров Салық – атақты Сырым Датұлының шөбересі. Салықтың қанша оқығаны туралы нақты дерек жоқ, алайда оқыған, білімді азамат болғаны анық. С. Омаров 1917 жылы сәуірде өткен бірінші Орал облысы қазақтарының съезіне арнайы шақырылып, сол съезде Жайық сырты қазақтарының облыстық комитетіне мүше болып сайланады. 1917 жылы Жымпиты уездік атқару комитетінің жаңа аумақтық межелеу саясатына қарсы шығып, бұрынғы аумақтық болыстық бөлістерді сақтап қалуды жақтаған. Өйткені жаңа аумақтық бөлім қазақ халқының мүддесіне тиімсіз еді. 1917 жылдың басында земстволық съезд шақыруға байланысты құрылған Жымпиты уездік ұйымдастыру комитетіне кіреді. 1918 жылы ақпанда Қаратөбеде өткен үшінші Орал облыстық қазақ съезінде Жайық сырты қазақтарының бөлек болыс болу ниетін қолдаған, жаңа болыстықтың құрылуына байланысты елге түсетін салықты жұмыла көтеруді ұсынған. Жаңа құрылып жатқан Алаш әскеріне 200 ат берген. 1918 жылы мамырда өткен төртінші Орал облысы қазақтарының съезінде Алаш үкіметі мен Әскери үкімет арасындағы шартты бекітуге мүдделі болып, белсенділік танытады. Сол съезде Ойыл уәлаяты уақытша үкіметіне мүше болады. Жаңа үкіметтің құрамында жер пайдалану мәселесіне жауапты болды. Батыс Алашорда таратылған соң Орал губерниясының төтенше комиссиясы жағынан ұсталып, концлагерьге қамалады. 1920 жылы 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Ә. Әйтиев пен С. Арғыншиев ара түсіп, ол жазадан құтқарады. Одан кейін елде шаруашылықпен айналысады. 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, «жартылай феодал», «Алашорда белсендісі» ретінде үй ішімен Жетісу округіне жер аударылады. Онда барған соң шаруашылықпен айналысып, елдің құрметіне ие болады. 1937 жылы (1938 жыл деген де дерек бар) Жетісудан Челябіге он жылға жер аударылады. 1941 жылы сонда қайтыс болады (БҚО ПДА, №2181 қор, С. Омаровтың қылмыстық ісі).
Омаров Салық
- Аты-жөні: Омаров Салық
- Туған жері: Орал облысы Жымпиты уезі Өлеңті болысының Жетікөл ауылы
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ