Оспанов Әлмұхамед 1893 жылы БҚО Жымпиты уезіне қарасты Қособа ауылдық советінде дүниеге келген. Сол кездегі білімді, көзі ашық, Батыс Алашорданың белсенді мүшесі, әскери офицер. Дерек көздерінен анық болғандай, үш жылға жуық Жымпиты уезіндегі Алашорда үкіметінің жер, дін, сайлау мәселесімен айналысты. Алаш партиясының басты бағдарламаларының негізгі он бөліміндегі басты-басты мәселелерге қатысқандардың бірі. Руы – қожа, оның атияр бөлімінен. Батыс Алашорданың Жымпитыдағы әскери юнкерлер даярлайтын мектебінде оқыған. 1918 жылдың наурыз айынан бастап 1919 жылдың аяғына дейін Алашорда әскерінде офицер болып қызмет атқарған. 1919 жылдың желтоқсан айында Алашорда үкіметінің шешімі бойынша әскери бөлімдер Кеңес үкіметінің әскери бөлімдеріне қосылған соң 1921 жылдың сәуір айына дейін Қызыл Армия қатарында қызмет етеді. Әлмұхамедтің жұбайы Мәкка да қожаның тумасы. Оның махтым бөлімінен. 1923 жылы тұрмысқа шыққасын Оспанова болыпты. Әлмұхамед отбасымен Жымпиты ауылында Қаратөбе көшесіндегі сазбалшықтан соққан тастан салынған №11 үйде тұрған. Бұлар өмірге жеті бала әкелген. Ауылдастары «Алақожа» деп атап кеткен 1859 жылы туған әкесі Оспанов Жалмағанбет ел қатарлы еңбек ете жүріп, 1952 жылы Жымпитыда бақилық болыпты. Зираты Қособа ауылы жағындағы қауымда. 1936 жылы 23 маусымда Қазақстан Жоғарғы Сотының шешімімен РКФСР ҚК 58-10-бабы бойынша бірінші рет 10 жылға, кейін 1945 жылы Жымпиты ауданындағы Жымпиты ауылында бухгалтердің көмекшісі қызметінде жүріп БҚО УНКВД тарапынан екінші рет тұтқындалып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған. 1946 жылы 26 қаңтарда БҚО облыстық сотының шешімімен сотталған. 1966 жылы 28 ақпандағы КСРО Жоғарғы Сотының шешімімен істе қылмыс құрамының жоғына орай іс тоқтатылып, ақталған. Кейін 1998 жылы 16 сәуірде ҚР Прокуратурасының шешімімен ақталған (БҚО ПДА 1-қор, №2471 іс).
Оспанов Әлмұхамед
- Аты-жөні: Оспанов Әлмұхамед
- Туған жері: БҚО Жымпиты уезіне қарасты Қособа ауылдық советі
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ