Садықбаев Хасан БҚО Тайпақ ауданының №4 ауылында дүниеге келген. Алашорданы қолдаушы, ниеттес. Әкесі Имаш Садықбаев – кедей шаруа, 1920 жылы аурудан өлген. Ағасы Гусман Орал қаласында комвузда оқытушы қызметінде жүрген кезінде оқу орнындағы бір студенті «халық жауы» болып шығып, соның себебінен жұмыстан да, партияданда, ВЛКСМ қатарынан шығарылған. Х.Садықбаевтың әйелі–Тайпақ ауданының ірі байы Құлниязовтың қызы Балбөпе. Балбөпенің әкесі шамамен 1925 жылдары қайтыс болып, балалары атасы Сексен Надрузовтың қолында қалған. Алайда олардың атасыда ірі бай ретінде 1928-1929 жылдары тәркілеуге ұшырап, жер аударылған, сол жақта дүниеден өткен (деректер бойынша түрмеде өлген–Х.Садықбаевтың түсініктемесінде жазуы бойынша, 15 қазан1937 ж.). Х.Садықбаев Балбөпемен 1929 жылы некелеседі. Балбөпенің ағасы Бернияз Тайпақ ауданының Котельный ауылында тұрып, кәмпескеге ұшырамаса да, сол жақтан байдың баласы ретінде сайлау құқығынан айырылып, жер аударылады. Кейін Бернияз Құлниязов Тайпаққа 1936 жылы қайта оралады. Құлниязова Балбөпенің сіңлісі Ақбөпе Батыс Алашорда қайраткері, кәмпескеге ілінген байдың баласы Көпжасаров Меңдіғалиға тұрмысқа шығады. М.Көпжасаров 7 жылға сотталып кеткенде Ақбөпе Жаңақалада тұрып қалған. 1937 жылы қазанда Х.Садықбаевқа Батыс Алашорда жетекшілерінің бірі Бижан Жанқадамов және Меңдіғали Көпжасаровпен туыстық байланыста болып, «олардың астыртын антисоветтік ұйымын қолдады» деген айып тағылып, тұтқындалған. Бұдан кейінгі тағдыры белгісіз. (Садықбаев Хасанның 1937 жылы 16 қазандағы айыптау хаттамасында берген жауабынан. БҚО ПД А, №П-3984 іс, 113-п.).
Садықбаев Хасан
- Аты-жөні: Садықбаев Хасан
- Туған жері: БҚО Тайпақ ауданының №4 ауылы
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ