Сарбөпин Нұғыман 1890 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Соналы болысында (қазіргі БҚО Қаратөбе ауданы) дүниеге келген. Алаш қозғалысына қатысушы, қазақтың арнаулы білімді алғашқы әскери мамандарының бірі. Тегі – байұлына жататын алаша руының кенжеғара атасы. Әкесі – Жайық сырты қазақтары тарихында өзіндік орны бар, ұзақ жыл аға сұлтан, болыс болған, әдетте ұрпақтарына мирасқорлық жолмен берілетін дворян атағын қазақтан алғаш иеленушілердің бірі Мұхамеджан. Өз әулетінен шыққандардың Санкт-Петербург, Мәскеу әскери жоғары оқу орындарына түсуіне патша өкіметінің ресми рұқсатын алған Мұхамеджан немере інісі, кейін патша армиясының полковнигі шенін алған Сабыр Сарығожиннен кейін ұлы Нұғыманды Санкт-Петербургтегі Александр кавалерия училищесіне түсірді. Арғы атасы Исатай-Махамбет көтерілісі тарихынан мәлім старшина Сарбөпенің атына жазылған Нұғыман 1910 жыл шамасында училищені бітірген соң Ресей-Қытай шекарасында тұрған 5 5 3-жаяу әскер полкіне қызметке жіберілді. 1914-1917 жылдары 1-дүниежүзілік соғысқа қатысты. 553-полк құрамында мұсылмандардан кұралған жеке ротаны басқарды. Соғысты штабс-капитан шенінде аяқтап, Батыс майданнан Мәскеуге келді. Ондағы Уақытша үкімет органы жанынан құрылған мұсылман комиссиясына қызметке тұру жөнінде ұсыныс жасалғанына қарамастан, 1917 жылы жаз айында Орынборға келді. Осында А.Кенжин, Н.Төреқұлов, Т.Жаманмұрынов, М.Сейдалин, М.Есполовтардың ұйытқы болуымен ашылған «Еркін дала» ұйымына Т.Тұрмағамбетов, Ж.Жәнібеков, С.Кәдірбаев қатарлы жастармен, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов секілді қайраткерлермен бірге мүше болып кірді. Қауым бағдарламасына сәйкес мәдени-ағарту жұмыстарымен, мектеп, баспасөз органдарын ашу, оқу құралдарын шығару, драмалық үйірмелер құру, шәкірттерге жәрдем беру ісімен шұғылданды. 1918 жылдың басында Ә. Жангелдиннің, Н. Төреқұловтың Орынборда орнаған Кеңес өкіметіне қызмет ету жөніндегі ұсынысын қабылдамай, Оралдағы Алаш қозғалысына қосылу ниетімен жолға шығады. Жолшыбай Елек қаласы большевиктер қолына көшкендіктен, Орынбор маңындағы 1-Бөрте болысының 3-ауылында амалсыз кідіреді. Оны орынборлық қазақ-орыс Н. Каширин отрядының бір бөлігі «Орал қазақтарымыз» деп алдаусыратып ұстап алып, қорлап өлтіреді. Сол 3-ауыл маңында жерленген. Соңында зайыбы Зинаятта Рамазанова және қызы қалған. (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544 б.).
Сарбөпин Нұғыман
- Аты-жөні: Сарбөпин Нұғыман
- Туған жері: Орал облысы Ілбішін уезі Соналы болысы (қазіргі БҚО Қаратөбе ауданы)
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ