Танашев Уәлитхан Шарафиддинұлы 1887 жылы Бөкей Ордасы 2-Теңіз жағалауы округі 3-старшын ауылында (қазіргі Атырауда) балықшы кәсіпкер отбасында дүниеге келген. Алашорданың белсенді мүшесі, көрнекті қоғам қайраткері. Арғы атасы Бекпембет би Атырау қазақтарына аты шыққан балықшылықпен шұғылданып, елді кәсіпке үйреткен, елге сыйлы дәулетті адам болған. Оның Шолтыр, Танаш атты екі ұлы болады, Уәлитхан осы Танаштың немересі екен. Уәлитхан 1887 жылы туған. 1899-1908 жылдары Астрахан гимназиясынан сегіз сыныптық білім алады. 1909 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітіреді. Ол 1913-1917 жылдары Қазан қаласында адвокат болып жұмыс істеген. 1917 жылы туған еліне келіп, әртүрлі қызметтер атқарады. Астраханьға оралған соң заңгерлікпен айналысады, сол кезден бастап төңкеріс жолына түседі. Ол өзінің ақыл-парасатын туған халқының бақытқа жету жолына арнаған. 1917 жылы 1-8 сәуірде Орынборда өткен Торғай облысы қазақтарының сиезінде мәжіліс төралқасы төрағасының орынбасары болады. 1917 жылы 21 сәуірде өткен Бөкей Ордасы қазақтарының сиезінде төралқа төрағасы болады. Осы сиезде ол Бөкей жер басқармасының төрағалығына сайланып, Бөкей ордасы өңірінен Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне өкілдікке ұсынылады. Ж. Досмұхамедұлы екеуі кеңестің атқару комитетіне кіреді де, Бөкей ордасынан депутаттыққа өтеді. 1-11 мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар сиезінің атқару комитетіне мүше болады. Киевте тамыз айында өткен бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына қатысады. Ел сенімін арқалаған У. Танашев Ж. Досмұхамедұлы және Ж. Ақпаевтармен бірге Петроградтағы «Шура-и исламдағы» Алашорда үкіметінің өкілі болып тағайындалады. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметінің министрі болып сайланады. 1918 жылы 8 маусымда Самара қаласында құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетінде (Комуч) ол ел мүддесін қорғауға көп күш салады. Челябіде өткен Комуч пен Сібір үкіметінің мәжілістеріне қатысады. 8-23 қыркүйек аралығында Уфадағы бүкілресейлік уақытша үкімет – Уфа дирекциясы құрылған мәжіліске қатысады. Одан соң Ә. Бөкейхан басқарған Алашорданың шұғыл мәжілісіне қатысады. Ол жиналыста Ж. Досмұхамедұлы, Х. Досмұхамедұлы, А. Бірімжанов, Ә. Ермеков, М. Тынышбаевтармен бірге «Ойыл уәлаяты» таратылып, Бөкей Ордасы мен Ойыл уәлаяты, Маңғыстау уезі мен Торғай облысының Ақтөбе, Ырғыз уездерін басқару үшін Алашорданың батыс бөлімшесін құруды қолдаған. 1918 жылы 18 қарашада Омбыдағы дирекция құлап, үкімет билігі адмирал Колчактың қолына өткен кезде Алашорда үкіметі жаңа үкіметпен келіссөз жүргізуге ниеттенді. 1919 жылы 11 ақпанда өткен ведомствоаралық құрылым жөніндегі отырыста Ә. Бөкейхан, А. Тұрлыбаев, У. Танашев Колчак өкілдерімен келіссөзге барады. 1919 жылы Алашорда таратылып, Алаш қозғалысына қатысқандарға кешірім жасалған соң У. Шарафиддинұлы АКСР-ды ұйымдастыру жұмысымен және республикалық мемлекеттік баспа бөлімдерін құрумен айналысады. Орынборда қазақ әскери төңкерістік комитеті құрамында жұмыс істеп, орталық атқару комитетінің мүшесі болады. 1920 жылы 25 қыркүйекте республикалық әділет халық комиссариатының орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы кезде ел үшін аса маңызды бірнеше заң актісінің қабылдануына ықпал етеді. 1922 жылы 9 қарашадан бастап ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанындағы ҚАСР өкілеттігі басшысының орынбасары, кейін федералдық комитетте жер мәселесі туралы жоғары бақылаудың ерекше алқасында қызмет атқарды. Осыдан кейін У. Танашев Татарстандағы Қазан қаласына қайын жұртына кетеді. 1924-1937 жылдары Татар автономиясы кеңестік социалистік республикасы жоғары сотында адвокат болады. 1937 жылы бұрынғы алашордашыл қайраткер ретінде тұтқындалады. Артынан тұтқыннан босатылады. Бірақ 1949 жылы сол айыппен тағы тұтқындалып, 1955 жылға дейін Краснояр өлкесіне жер аударылады. Айдауда кара жұмыс істейді. 1957 жылы Татар АКСР-ының жоғары сот төралқасының шешімімен ақталады. Сол жылы зейнетке шығады. 1968 жылы Қазан қаласында дүние салады, (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544 б.).
Танашев Уәлитхан Шарафиддинұлы
- Аты-жөні: Танашев Уәлитхан Шарафиддинұлы
- Туған жері: Бөкей Ордасы 2-Теңіз жағалауы округі 3-старшын ауылы
- Жаза түрі: Жер аудару
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ