Тәтібаев Қазмұхамед 1885 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Өріктікөл болысының №6 ауылында дүниеге келген. Батыc Алашорда қайраткері, қазақтың алғашқы арнайы білімді әскери мамандарының бірі. 1885 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Өріктікөл болысының 6-ауылында туған. Қ.Тәтібаев 1902 жылы Өріктікөлдегі екі сыныптық болыстық орыс-қазақ мектебін, 1905 жылы Електегі үш сыныптық, қалалық орыс-қазақ училищесін бітірген. 1905-1916 жылдары училищеден «бастауыш училище мұғалімі» атағымен шығып, Орал облысында ауылдық, болыстық мектептерде және Түркістан өлкесіндегі орыс-түзем мектептерінде мұғалім қызметін атқарған. 1916 жылы бұратана халықтан тыл жұмысына адам алу басталған кезде Ташкент әскери училищесі жанындағы прапорщиктер мектебіне түсті. 1917 жылы ақпанда мектепті бітірген соң Парсы майданына, 9-Түркістан бригадасының қарамағына қызметке жіберілді. Онда қазан айына дейін 3-полк жанындағы әскери көлік бөлімінің бастығы болды. Сол жылғы қараша айында денсаулығына байланысты демалыс алып, елге келеді. Жолда Темір уезіне қарасты Жұрын стансасында Ойылда жиналыс өткізіп келе жатқан Ж.Досмұхамедұлымен кездесті. Оның Жайық сырты қазақтарының милициясына жұмысқа шақырған ұсынысын қабылдап, әскери бөліміне қайтпай қалды. 1918 жылдың басында Жаһаншаның тапсырмасымен Жымпитыға қару-жарақ жеткізді. 1918 жылы Қаратөбедегі З-Орал облыстық қазақ сиезіне, 1918 жылы мамырдағы 4-Орал облыстық қазақ сиезіне Өріктікөл болысынан делегат болып қатысты. Қазақ өлкелік әскери комиссариатында Саяси басқарма меңгерушісінің көмекшісі (1920 ж. каңтар), кітапхана нұсқаушысы (1920 ж. ақпан) болды. Бұдан кейін елге оралып, Жымпиты уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1920 жылы тамыздан заң орындарында: Орал губерниялық ревтрибунал мүшесі (1920 ж. тамыз – 1921 ж. маусым), ревтрибунал және губерниялық сот мүшесі (1921 ж. шілде – 1922 ж. сәуір), 1922 жылы өткен 2-РК(б)П Бүкілқазақ конференциясының делегаты болды. 1921-1922 жылдары қазақ жігіттерінен құралған эскадронға басшылық етіп, Сапожников бүлігін басуға қатысты, чекистердің Кнопка басқарған бронды отрядымен, Ялов бастаған эскадронымен бірге Сарафанкин жасағының Тополевкаға (Топайлы), Киселев отрядының Бударинге, Серов жасағының Жымпитыға шабуылын тойтаруға қатысты. 1922 жылғы сәуірден 1923 жылғы желтоқсанға дейін Орал губерниялық соты төрағасының орынбасары, төрағасы (1923 ж. желтоқсан – 1925 ж. қаңтар), Сырдария губерниялық сотының мүшесі (1925 ж. маусым – 1925 ж. қараша), Сырдария губерниялық бақылау комиссиясының төралқа мүшесі (1925 ж. қараша – 1926 ж. сәуір), Сырдария губерниялық сотының төрағасы (1926 ж. сәуір – 1927 ж. мамыр), Қазақ Юстиция халкоматы Мемлекеттік нотариаты қосалқы бөлімінің меңгерушісі (1927 ж. мамыр -1927 ж. қараша), 1928 жылы БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінде нұсқаушы қызметтерін атқарды. Одан әрі БК(б)П өлкелік комитетінің өкімімен бұл қызметтен босатылып, партиядан шығарылды. Халық ағарту комиссариаты саласында жұмыс істеу үшін Орынбор қаласына жіберілді. 1930 жылдары Сталиндік қуғын-сүргін зардабын шегіп, ұзақ жыл айдауда болды. Кейінгі жылдары Орал облысында, туған ауылында тұрған. 1965 жылы қайтыс болған. (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544 б.).
Тәтібаев Қазмұхамед
- Аты-жөні: Тәтібаев Қазмұхамед
- Туған жері: Орал облысы Ілбішін уезі Өріктікөл болысының №6 ауылы
- Жаза түрі: Жер аудару
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ