Тобанияз Әлниязұлы 1875 жылы Закаспий облысы Маңғышлақ уезінің Жетеней болысында дүниеге келген. Қазақ, білімі бастауыш, қоғам қайраткері. Діни мектепте бастауыш білім алған. 1915 жылы болыс басқарушысы болып сайланған. 1916 жылы патша жарлығына қарсы шыққаны үшін тұтқынға алынып, 1917 жылы патша үкіметі құлағаннан кейін абақтыдан босатылды. 1918-1923 жылдары Адай уездік ревкомитетінің төрағасы. Алашорда үкіметі батыс бөлімінің жетекшілері – Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен тығыз байланыста болды. Жангелдин экспедициясына қолдау көрсетті. Қазақтар мен түрікмендердің достық қарым-қатынаста болуына күш салып, екі халық арасындағы келіспеушіліктерді бейбіт түрде шешуге қол жеткізді. Қылмыс жасағандарға құн төлету керектігін жақтап, мұны өзі басқарған уезде енгізбекші болды. Кеңестік билікке қарсы Қарақұм өңірінде жүріп жатқан қозғалысқа қолдау танытты. Билік орындарының нұсқауларында жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі, дініндегі ерекшеліктердің сақталуын талап етті. 1923 жылы «ұлтшыл», «діндар» деген айып тағылды. Соған орай ол уездік ревкомитетінің төрағасы қызметінен босатылды. 1924-1928 жылдары уездік салық инспекторы болып еңбек етті. 1929 жылы желтоқсанда тұтқынға алынып, ең ауыр үкім – ату жазасына кесілді. 1990 жылы 26 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен ақталды (Ижанов З. Тобанияз. – Алматы: «Өлке» баспасы, 2016. – 280-б.).
Тобанияз Әлниязұлы
- Аты-жөні: Тобанияз Әлниязұлы
- Туған жері: Закаспий облысы Маңғышлақ уезінің Жетеней болысы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ