Тілепбергенов Жиенғали Әділұлы 1895 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Қызыл жұлдыз ауылында дүниеге келген. Қазақ, жазушы, драматург. Алғаш ауыл молдасынан сауатын ашқан. Орынбордағы «Хусаиния» медресесінде оқыған. 1915-1918 жылдары «Ғалия» медресесінде білім алған. Осы жылдары шығып тұрған «Садақ» қолжазба журналының Б. Майлиннен кейінгі шығарушысы болды. 1918-1933 жылдары ауыл мұғалімі, 1921-1925 жылдары Темір аудандық оқу бөлімінің инспекторы, меңгерушісі, Ақтөбедегі «Кедей» газеті редакторының орынбасары, редакторы (1925-1926), Қызылжардағы «Бостандық туы» газетінің редакторы (1927-1928), Қызылорда ағарту институтында оқу-тәрбие жұмысын басқарушы, кейін директоры (1928), «Сыр бойы» газеті директорының орынбасары (1929-1930), Қазақ мемлекеттік баспасының редакторы (1931-1932), Темір аудандық «Социалды майдан» газетінің редакторы (1932-1933) қызметтерін атқарған. «Айқап», «Қазақ», «Алаш» газеттеріне елден хабарлар жазып, өлеңдерін жариялаған. Жазушының ауыл өмірін суреттеген «Таңбалылар» (1930) повесі жарық көріп, «Перизат-Рамазан» (1928), «Тілші» атты пьесалары сахнада қойылған. Әңгімелер мен фельетондар жинағы «Ізбасар» деген атпен 1969 жылы жеке кітап болып басылды. 1933 жылы Ақтөбе қаласында қайтыс болған. (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544 б.).
Тілепбергенов Жиенғали Әділұлы
- Аты-жөні: Тілепбергенов Жиенғали Әділұлы
- Туған жері: Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Қызыл жұлдыз ауылы
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ