Шомбалов Мәжит Мұхамеджанұлы 1873 жылы бұрынғы Ішкі Орда Талап бөлімі 1-старшындық ауылында дүниеге келген. Обаға қарсы күрескен алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, республикада дәріхана жүйесін қалыптастырудың негізін қалаушы. Қазан университетінің медицина факультетін бітірген (1899). 1899-1903 жылдары Орда оба стансасында дәрігер, 1903-1917 жылдары Орда ауруханасының меңгерушісі болды. 1911 жылы И.И. Мечников басқарған экспедиция құрамында Қалмақ даласында оба індетін зерттеу жұмыстарына қатысты. Ол екі мәрте «Қырғыз даласының Нарын бөлігі мен оңтүстік округтердегі обамен күрестегі еңбегі үшін» арнайы күміс белгісімен марапатталған (1906, 1910). Азамат соғысының ауыр кезеңдеріне қарамастан, Бөкей губерниясында 370 төсектік, оның ішінде Ордада 100 төсектік аурухана ашты. 1923-1929 жылдары Қазақстан денсаулық сақтау халкомының орынбасары, сонымен бірге Қырғыз АКСР Орталық Атқару комитетінің мүшесі және Бүкілресейлік Қызыл крест қоғамының Қазақстандағы өкілі болып тағайындалды. 1929-1938 жылдары қазақтың республикалық дәріхана басқармасының бастығы, біраз уақыт Орал қаласында обаға қарсы стансаның меңгерушісі болды. 1938 жылы 24 тамызда «Алашорданы қолдаушы, Алашорда жетекшілерімен сыбайлас, антисоветтік үгіт-насихат жүргізуші топтың жетекшісі» деген айыптар тағылып, тұтқындалады. Одан 1 жылдан кейін 1939 жылы 27 шілдеде босатылып шығады. Алайда 1940 жылы 24 қарашада БҚО УНКВД тарапынан қайтадан бұрынғы айыптарымен тұтқындалып, Орал түрмесіне қамалады. 1941 жылы түрмеде қайтыс болады. 1990 жылы 9 ақпанда БҚО прокуратурасы істе қылмыс құрамының жоғына орай ақтаған. (БҚО ПД архиві №П-3606 іс. М. Шомбалов қылмыстық ісі).
Шомбалов Мәжит Мұхамеджанұлы
- Аты-жөні: Шомбалов Мәжит Мұхамеджанұлы
- Туған жері: Ішкі Орда Талап бөлімі 1-старшындық ауылы
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ