Шонанұлы Телжан 1894 жылы 14 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының қазіргі Ұ. Құлымбетов атындағы ауылда дүниеге келген. Қазақ, Алашорда мүшесі, қоғам қайраткері, ағартушы, педагог, аудармашы, тілші-ғалым. 1908-1912 жылдары Ырғыздағы орыс-қазақ училищесінде, 1912-1916 жылдары Орынбордағы қазақ мұғалімдер институтында оқыған. Орынборда оқыған кезінде қазақ жастарының мәдени ағарту бағытында құрылған «Игілік» ұйымын ұйымдастыруға белсене араласып, «Қазақ» газетіне халық ағарту мәселелері бойынша мақалалар жариялады. 1916 жылы Ырғыз уезінде мұғалім болып істеді. Т. Шонанұлының әлеуметтік істерге белсене араласуы 1917 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі кезінен басталады. Ол қарулы көтеріліске қарсы болған Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов бастаған демократ, зиялы азаматтарға қолдау білдірді. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Т. Шонанұлы Ұлттық автономия жолында күрес жүргізген Алаш қайраткерлерінің қатарында болды. 1917 ж. 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметі жанынан құрылған оқу комиссиясының құрамына (А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Е. Омаровпен бірге) енгізілді. 1921 жылы Ырғызда тұтқынға алынып, Орынбордағы ОГПУ бөлімінде тергелді. 1922 жылы түрмеден босатылды. 1922-1926 жылдары Орынборда халық ағарту комиссариаты (ХАК) жанындағы Академиялық орталықта қызмет атқарды. Қазақ бастауыш мектебінің теориялық және практикалық бөлімінің негізін қалаушылардың бірі болды. Оның қаламынан емлеге, тіл дамытуға, қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты көптеген еңбек пен хрестоматиялар жарық көрді. Т. Шонанұлының әдістемеге қатысты еңбектеріне «Жаңалыққа жетекші», «Диаграмдар, графиктер қандай болады» деген кітаптары, «Орыстарға қазақ тілін үйрету әдісі жайында», «Ересектерді сауаттандыру әдісі», «Дауыстап оқытудың әдісі» сияқты көптеген мақала жатады. Т. Шонанұлы 1923 жылы 15 сәуірде «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамына» мүше болып, латын әліпбиін енгізуді жақтаған зиялылар тобында болды. 1924 жылы 12-18 маусымда өткізілген қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіне, сол жылы Қазақ АКСР-ы ғылым саласы қызметкерлерінің съезіне делегат болып қатысты. Т. Шонанұлының қазақ әдебиеті саласындағы еңбектеріне «Сәкеннің тілі», «Халық ауыз әдебиеті», «Евгений Онегиннің аудармасы» т.б. сыни мақалалары жатады. Аударма ісі бойынша ол А. Богдановтың «Курс политэкономии» атты кітабын қазақшаға аударып, орысша-қазақша термин сөздігін қоса берген. Бұдан басқа Каминскийдің, Н. Крупскаяның кітаптарын қазақшаға аударды. 1926-1929 жылдары Қызылордада Қазақ Халық ағарту институтында оқытушы болып жұмыс істеді. Осында жүріп 1926-1928 жылдары «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының» тарих-этнография секциясының төрағасы болды. 1926 жылы А. Байтұрсыновпен бірлесіп, мектеп оқушыларына арналған «Оқу құралын» (хрестоматия) құрастырды. Ол жылы «Қазақ жер мәселелерінің тарихы» атты еңбегі жарық көрді. Онда қазақтарды қоныстандыру, отырықшыландыру, жер бөлу мәселелері айтылды. 1926 жылы тамызда Бакуде өткізілген Бүкілодақтық түркологтар съезіне А. Байтұрсынов, Н. Төреқұлов, Е. Омаров, Б. Сүлеев, Ә. Байсейітовпен бірге Т. Шонанұлы да қатысты. Съезден кейін латын әліпбиін насихаттайтын республикалық комитеттің құрамына енді. Сол кезеңде ол О. Жандосовпен бірге барлық латын комиеті мен латыншыларға арнап ашық хат жариялады. 1927 жылы М. Жолдыбаевпен бірге «Жаңа арна» оқулығын шығарды. Т. Шонанұлы 1929 жылы Алматыға көшіп келіп, Қазақ АКСР-ы Халық ағарту комитетінде қызмет атқарды. 1934 жылға дейін ҚазПИ-да оқытушылықпен айналыса жүріп, мектепке арналған оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жазды. 1929 жылы ол «Қазақстан жағрафиясы» атты кітап жазып, өлкетану жұмысына да белсене араласты. Д. Снегинмен бірге «Уйгурская поэзия» жинағын (1934) ұйғыр тілінен орыс тіліне тәржімалады. 1935 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі ҚазҰУ) қазақ тілінің доценті болып еңбек етті. Т. Шонанұлы жалпы 1923-1937 жылдар аралығында 32 оқулық кітап, 72 мақала жазған. 1937 жылы 19 шілдеде тұтқындалып, КСРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясы Үштігінің үкімімен ең ауыр үкім – ату жазасына кесілді. 1992 жылы 18 қыркүйекте ақталды. (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544 б.).
Шонанұлы Телжан
- Аты-жөні: Шонанұлы Телжан
- Туған жері: Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының қазіргі Ұ. Құлымбетов атындағы ауыл
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ