Шонанова (Қаратаева) Шахзада Аронқызы, 1903 жылы Батыс Қазақстан облысы Сырым (бұрынғы Жымпиты) ауданында дүниеге келген. Педагог-әдіскер, ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі. Шахзада Шонанова (Қаратаева) 1920 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Бірақ шыққан тегі, әкесі үстем тап өкілі болғандықтан, қудаланып, біреулердің көрсетуімен 2-курста оқудан шығарылды. Өйткені деректер бойынша оған тағылған айып – алашордашылармен байланысты болғаны және шығу тегіне қарай. Қалай болғанда да Шахзада Қаратаеваның тәрбиеленген ортасының өзі Алаш зиялыларының ордасы болатын. Шахзада Қаратаева 1922-1926 жылдарда Орал губерниялық атқару комитетінде іс жүргізуші болып істейді. Оның қызмет еткені жөніндегі мәліметтер Батыс Қазақстан облыстық мұрағатында сақтаулы. Дәлірек айтатын болсақ, «№37 бұйрықта 1922 жылдың 3 ақпанынан бастап Басқару губерниясы Шахзада Қаратаеваны іс жүргізуші лауазымына алған». Одан өзге Губотуправаның бұйрығында «1922 жылы 18 сәуірден бастап 1 ай мерзімдегі демалысында көктемгі егістік жұмыстарына шыққан, губерниялық атқару комитетінің хатшысы Қаратаеваға посевкомпаниямен байланысты 1 айлық демалысқа рұқсат берілген. Шахзада Қаратаеваның орнына уақытша хатшылық қызметке Карыкин тағайындалған» деген мәліметтер бар. Аз уақыт Сырдария губерниялық партия комитетінде нұсқаушы қызметін атқарды. 1926 жылдан бастап КСРО ағартушы қызметкерлері Одағының мүшесі, 1928-1930 жылдарда Қызылордада Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесі бөлімінің нұсқаушысы болып орналасады. Алайда Шахзаданың есіл-дерті оқуын жалғастыру еді. Осы мақсатпен 1931 жылы Алматыға қоныс аударып, Алматы медицина институтына оқуға түседі. Бірақ мұнда да «әлеуметтік тегі» бойынша бақылауға алынып, институт Шахзаданы «қоғам жұмыстарында тексеруге» міндеттелді. Осыған сәйкес Шахзада 1932 жылдың 12 наурызынан 11 сәуірге дейін ең қауіпті ауру – бөртпе сүзек індеті жайлаған Прибайкалстройдың Спасск деген жеріне жіберілді. Сол жердегі жұмыс орнынан институтқа ол жөнінде: «Жолдас Шонанова өзін қайратты, іскер қызметкер ретінде көрсетті... Қоғам жұмыстарына қатысты... Санитарлық шаруаларды жүргізуші ретінде Шонанова ең сенімді қызметкер болды» деген мінездеме жіберілді. Осындай үлгілі мінездемеге қарамастан, Шахзада тағы да 2-курста «әлеуметтік тегіне байланысты» оқудан шығарылды. Шахзада, ең алдымен, Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Алайда бұл оқуды Шахзаданың аяқтауына мүмкіндік бермей, «әлеуметтік тегіне байланысты» 2-курстан шығарып жібергенін растайды. Одан кейін Шахзада Алматы медициналық институтына оқуға түсіп, ол жерден де 2-курсқа келгенде шығарылады. 1933-1936 жылдарда педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында, Халық ағарту комиссариатында, ұлттық мәдениетті ғылыми-зерттеу институтында кіші қызметкер сияқты түрлі қызметтер атқарды. Жас қызметкердің тынымсыз әрі табанды ізденісін байқаған Халық ағарту комиссары Жүргеновтің шақыруымен ол бастауыш және орта мектеп бөлімінде ғалым, хатшы, кейін әдіскер кеңесші болып қызмет істейді. Бірақ 1936 жылдың басында бұл қызметтен де босатылды. Шахзада сонда да мойымады. 1936 жылы жасы 33-ке келсе де, белгілі бір мамандық алуға талпынған жас қайраткер Шахзада Шонанова (Қаратаева) ҚазМУ-дың биология факультетінің 2-ші курсында оқуға мүмкіндік алды. Бірақ бұл жолы да оқу еріксіз үзілді. 1937 жылы 19 шілдеде жұбайы Телжан Шонанов «халық жауы» деген жаламен тұтқындалды. Артынша Шахзада да тұтқынға алынады. 19 жасынан қызметке кірісіп, мәдени-ағарту саласында көптеген іске ұйытқы болған, халыққа адал қызмет етуді армандаған, саяси қудалауларға мойымаған Шахзада Шонанова небары 34 жыл өмір сүріп, сұрқия саясат құрбаны болды. Шыққан тегі де, күйеуінің «Халық жауы» ретінде тұтқынға алынуы, сауатты болуы, көптеген алаштық зиялы азаматпен араласуы – бәрі де бұлтартпас айғақ ретінде ойластырылған. Сонымен қатар НКВД жендеттері 1936 жылы 20 қазанда Қазақ Мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚҰУ – автор) болған өртті де Шахзаданың мойнына артқан. 1936 жылғы 21 қазандағы жасалған актіде көзімен көрген куәгерлердің мәлімдемесінде өрт Совет көшесі, 9-үйде (қазіргі Достық көшесінің бұрышы) анотомия кабинетінде болған. НКВД актісінде әдейі өртелген десе, НКВД-ның республикалық басшысы Лев Борисович Залинге көргендер оны абайсызда болған жайт деп жауап берген. Соған қарамастан, 1938 жылдың 5 қаңтарында өртті әдейі ұйымдастырған деген жаламен Шахзада Шонанова (Қаратаева) мен оның «сыбайластары» тұтқындалады. Сөйтіп, бұл іс бойынша адамдардан жауап алынады. Жазықсыз жалалы болған Шахзада Шонанова (Қаратаева) «өкіметке қарсы қылмысы үшін» ату жазасына кесіліп, 1938 жылы 9 наурызда жұбайы Телжан Шонанұлынан он күннен кейін Алматы түрмесінде атылған. Оған тағылған айып: «1926 жылдан буржуазияшыл-ұлтшыл, төңкерістік бағыттағы ұйымда болған, Кеңес өкіметінде төңкеріс жасап, Қазақстанды Кеңестер Одағынан аластатуды көздеген, Жапонияның басшылығында қазақтың буржуазиялық мемлекетін орнатпақшы террористік, диверсантты-зиянкестік ұйымның басшылары Сәдуақасов, Жүргеновпен байланыста болған. 1936 жылы ҚазМУ ғимаратын әдейі өртеген» деген кінә тағылған. 1938 жылы 9 наурыздағы НКВД Үштігінің шешімімен РКФСР ҚК 58-2, 58-8, 58-9, 58-11-баптары бойынша сотталып, ең ауыр үкім – ату жазасына кесілген. (ҰҚК архиві, №06007 іс, 1938 жылдың 9 наурызындағы жабық сот отырысының үкімі. Төраға А.Д. Горячев, мүшелері Г.А. Алексеев, А.И. Микляев. Хатшы: ІІІ дәрежелі заңгер Н.И. Шпошников). Үкім сол күні орындалған. 1958 жылы 8 наурызда КСРО Жоғарғы сотының шешімімен істе қылмыс құрамының жоғына орай іс тоқтатылып, ақталған. Бұған қатысты құжаттар БҚО Мұхит Мерәлі атындағы Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану музейі қорында да сақталған (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544 б.).
Шонанова (Қаратаева) Шахзада Аронқызы
- Аты-жөні: Шонанова (Қаратаева) Шахзада Аронқызы
- Туған жері: Батыс Қазақстан облысы Сырым (бұрынғы Жымпиты) ауданы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ