Шуланбаев Сәлім Бисенбайұлы (Бейсенбіұлы) (фотосурет қайраткердің немересі Тарғын Мақсотұлы Шуланбаевтан алынған.)1895 жылы БҚО Тайпақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген, ұлты – қазақ, КСРО азаматы. Мамандығы – есепші, білімі орташа, әскери-юнкерлік мектепті аяқтаған. 1918-1919 жылдары Алашорда әскерінде офицер қызметінде, кейін тұтқындалған кезде Орынбор облысындағы Павлов ауданында Орынбор астық совхозында колхозшы қызметін атқарған. Қылмыстық істе С. Шуланбаевтың 1918 жылы Алашорда үкіметі ұйымдастырған Жымпитыдағы юнкерлік мектепке өз еркімен оқуға түсіп, бес айлық толық оқу курсын аяқтаған. Әскери оқуды аяқтаған бойда прапорщик шенімен Алашорда милициясы армиясының пулемет командасында взвод командирі қызметіне жіберіледі. Осы командир қызметінде 1919 жылы желтоқсанда Алашорда таратылған уақытқа дейін жұмыс жасайды. 1920-1937 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында тұрып, мемлекеттік мекемелерде және әр түрлі кооперативтерде қызмет жасаған. Атап айтқанда:
Тайпақ райпотребсоюда есепші – 6 жыл;
Тайпақ райсберкассада аға бухгалтер – 5 жыл;
Тайпақ райфинансотделде бухгалтер – 1 жыл;
Тайпақ райотделде бухгалтер – 6 ай, осы соңғы жұмыс орнында 1937 жылы 22 қазанда «өкпе туберкулезі» ауруы диагнозымен жұмыстан шығарылған.
1938 жылы 26 шілдеде Орынбор облыстық УНКВД органдарымен тұтқындалған. Оған «Жапонияның пайдасына тыңшы қызметін атқарды...» және Қазақстанда ұйымдастырылған антисоветтік ұлтшық террористік ұйымның мүшесі болған деген, яғни РСФСР ҚК 58-7, 58-11-баптары бойынша айыптар тағылған. 1938 жылы 16 қарашада Шуланбаев Салим тергеу кезінде Орынбор түрмесінің ауруханасында «өкпе мен тамақ туберкулезінен» қайтыс болған. Аталған жағдайға байланысты 1938 жылы 16 қарашада айыпталушының өлімінен кейін қылмыстық іс тоқтатылған. 1990 жылы 6 наурызда Орал облыстық прокурорының қаулысымен 1938 жылғы 16 қарашадағы Орынбор облыстық УНКВД шешімінің күшін жойып, қылмыстық құрамы жоқ деп танылып, іс тоқтатылып, Алашорда офицері С. Шуланбаев ақталған. Қылмыстық істе тұтқындалған кезде С. Шуланбаевтың отбасы құрамында әйелі Шуланбаева Дамиш 28 жаста, қызы Қанапия 11 жаста, қызы Анапия 9 жаста, ұлы Максуд 6 жаста, қызы Айжамал 4 жаста, ұлы Мұрат 1 жаста деп жазылған (Қор-6, №002222 қылмыстық іс, БҚО ПД архиві).
Сәлім Шуланбаевтың немересі Шуланбаев Тарғын Мақсотұлының айтуы бойынша, прапорщик шеніндегі офицер Сәлім Шуланбаев Алашорда таратылғаннан кейін 1919 жылы желтоқсанда туған жері – БҚО Тайпақ ауданы Базартөбе ауылына қайта оралады. 1937-1938 жылдары бұрынғы алашордашылардың басына қара бұлт үйіріледі. Жаппай қудалау күшейгенде бұрынғы кадрлық офицер, сауатты маман С. Шуланбаев өзінің отбасын қорғау үшін 1938 жылы маусым айында Орынбор облысының Павлов ауданындағы Орынбор совхозына қоныс аударады. Оның әйелі Шуланбаева Дәмеш (1910 ж.т) барлық мүлкін жинап, арбаға тиеп, бес баласымен тоғай жаққа Зеленов ауданының Кирсанов селосына көшіп барып, Чапаев атындағы колхозға ТОЗ-ға орналасады. Жертөледе тұрып, астық өңдеу шаруашылығында күнімен-түнімен жұмыс жасаған. 1938 жылы 26 шілдеде Сәлім Шуланбаев тұтқындалып, 16 қарашада Орынбор түрмесінде «жүрек талмасынан (сердечной недостаточности)», сонымен бірге қылмыстық істе «тамағы мен өкпе туберкулезінен» көз жұмғанын айтады. Әйелі Дәмеш жесір қалып, балаларын өзі өсіріп, өндіреді, кейін Зеленов ауданының Кирсанов ауылында жерленген. Оған Сәлімнің ағасы Сағын көп қолдау көрсеткен. Сағын Дәмеш пен Сәлімнің қызы Айжамалды асырап алып, негізінен, Қаратөбеде тұрған. Сағынның артында ұлы Тілекқабыл қалған. Ол қазіргі кезде зейнеткер, Қаратөбе аудандық мәслихатының бұрынғы хатшысы қызметін атқарған.
Шуланбаев Сәлімнің ұлы Мұрат (Рысқалиұлы деп әкесінің атын өзгертіп алған, өйткені «халық жауының ұлы» ретінде советтік кезеңде жоғары білім алу мүмкін емес болатын) – Батыс Қазақстан облысында Аралтөбе және Тасқұдық совхоздарының бұрынғы директоры, Кирсанов ауылында жерленген. Ал кенже ұлы Мақсот Орал қаласында тұрады. Қыздары Қанапия мен Анапия да зейнет жасына дейін жетіп, өздерінің туған жері – Чеботароев пен Кирсанов ауылдарында дүниеден өткен. Бұрынғы Алашорда офицері С. Шуланбаевтың артында қалған немерелері мен шөберелері қазіргі кезде Орал қаласында тұрады. (Естелікті жазбаша дайындап және фотосуретті жұмыс тобына берген Сәлім Шуланбаевтың немересі Шуланбаев Тарғын Мақсотұлы. Орал қаласы БҚО)
Шуланбаев Сәлім Бисенбайұлы (Бейсенбіұлы)
- Аты-жөні: Шуланбаев Сәлім Бисенбайұлы (Бейсенбіұлы)
- Туған жері: БҚО Тайпақ ауданы Қызылжар ауылы
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ