Орналасуы
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданына қарасты Шалқар ауылдық округіндегі Шалқар ауылында 1933-1944 жылдары Еңбекпен түзету колониясы болған. Ауыл аудан орталығы Теректі ауылынан оңтүстікке қарай 75 км-дей жерде Есенаңқаты өзенінің Шалқар көліне құяр сағасында орналасқан.
Шаруашылық түрі
Балық кәсіпшілігі
Жалпы сипаттама / тарихы
Қазіргі кезде орталығы Сарыөмір ауылы болып табылатын Дуана, Шалқар және Сарыөмір ауылдары бір ауылдық округ ретінде Шалқар көлімен жағалай Есенаңқаты бойында орналасқан.
Жантолы Кәкімовтың «Әке аманаты» (жинақтап, құрастырған: баласы Ибраев Нұрболат Жантолыұлы) Орал-2010) кітабында «Сағада Тәржеке ишанның мешіті болды. Ол мешітті 1933 жылы ИТК-ға бұзып алуы, шетінен Шортанбай жағынан жатақхана – ұсталғандарға казарма салды. ИТК-а «Исправительная колонна труда (Исправительно-трудовая колония-болуы керек –А.Б.)»-«Еңбекпен түзету колониясы» деген сөз ғой. Әкем сонда, 1933 жылы есепші болды»-деп жазады.
1933 жылы жаппай қуғын-сүргін күшейіп жатқан кезде, имам-ишандар және басқада дін өкілдері қуылып, кеңестер билігінің белсенділері мешітті қиратып, оның құрылыс материалдарына Шалқардың жағасынан түрме тұрғызған. Ал ресми ғылыми зерттеулерге назар салсақ, 1932 жылдың 5 қыркүйегінде ОГПУ лагерлер желісінде жаңадан балық өндірісімен айналысатын – Каспий теңізінің солтүстік-шығысында орналасқан Прорва лагерін құру туралы бұйрық жарық көреді. Каспий теңізіндегі Прорва аралында бой көтерген бұл лагерь алғашында тікелей ОГПУ ГУЛАГ жүйесінің орталығына бағынады, кейін 1936 жылдан бастап КСРО НКВД ГУЛАГ басқармасының бақылауына қараған. Дәл осы балық өндірісін дамыту үшін құрылған Прорва лагерінен 1 жылдан кейін Шалқарда дәл сондай балық кәсіпшілігі мен айналысатын жаңа лагердің құрылуы тегін емес. Негізінен тарихи деректерге сүйенсек, Шалқар көлі маңында балық кәсіпшілігімен ертеден айналыса бастаған.
Шалқардағы лагерь орнының спутниктан түсірілген көрінісі:
Жергілікті тұрғандармен кездесіп, Шалқар лагері туралы сауалнама жүргізіліп, шынында осы жерде лагердің 1933-1944 жылдар аралығында жұмыс жасағаны, тұтқындар қамалған барактар, ғимараттар орындарының сақталғаны туралы растаушы ақпараттар жиналды.
Ауылдан Шалқар көліне қарай 2 этажды колнияның ғимаратын ауылдың
мал баққан тұрғындары сол түрменің әкімшілігі көшіп кеткеннен кейін, майлап, сонда мал қамайтын қора жасап алған. 30-40 жылдары Шалқар ауылы үлкен орталық болып, мұнда 10 жылдық толық мектеп, ұжымдық шаруашылығы бар колхоз құрылған. Колхозда әжептәуір мал жинақталып, үлкен 7 қорасы бар, мал шаруашылығы жақсы дамыған. Соғыс басталғаннан кейін түрменің тұтқындарының әскерге жарамдыларын соғысқа, майданға алып кетеді, ал қалған жадау-жасықтарын басқа жаққа көшіріп әкетеді. Олардың орнына шешен ұлттарын көшіріп әкеліп колхоздың шаруашылығына жұмылдырып, колонияның қалған ғимаратына орналастырған.
Сонымен қатар, Сарыөмір ауылының тұрғыны, тыл және еңбек ардагері Файзуллин Тәупен ағамен сұхбат барысында Шалқардағы еңбекпен түзету лагерінің болғанын, әкесінің лагерде милиция болып қызмет атқарғанын, 1944 жылы лагердің тұтқындары мен әкімшілігі, әкесіде майданға әкетілгеннен кейін, лагерден қалған кейбір заттарды, кейбір құрылыс материалдарын анасымен бірге 3 арбаға тиіп, Чапайға тасығанын растады.
Фото, видео, архив құжаттары