24. Айсарыұлы Дәулетияр (Айсариев Давлетьяр, 1845, кей деректе 1852-1935, Жымпиты) – имам, ишан, мұхтасиб, Тайпақ болысынан, РСФСР Конституциясының 65-бабы және ҚазОАКтың 1925 жылғы 9 мамырдағы нұсқаулығы бойынша дін өкілі ретінде сайлау құқынан айырылған (БҚОМА, №24 қор, №4 тізбе, №567 іс); 1928 ж. тұтқындалып, 1929 жылы 15 қарашада ОГПУ Орал округтік бөлімі істі қысқартқан. (Қылмыстық ісі ҰҚК Алматы қалалық департаменті архивінде); Дәулетияр ишанның екі қабатты, қызыл кірпіштен салынған мешіті қазіргі БҚО Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылында, Өлеңті өзенінің жағасында болған. 1905-1937 аралығында қызмет еткен. Ол мешітті көзімен көрген ең соңғы тұяқ, Бисен, Кәрім Жұмағалиұлдары. Өлкетанушы Үзілдік Елеубаеваның сұрауымен, Кәрім Жұмағалиев Дәулетияр мешітінің суретін салып берген. Дәулетияр ишан Жымпиты селосында жерленген. Құлпытасында «Руы – тана, қалқаман тайпасы, қосдәулет бөлімі, Айсарыұлы Дәулетияр 1852-1935. Тас қойған шөбересі Ғабдолхай» деп жазылған.