71. Ахметұлы Ғұбайдолла (Ғұбайдолла халпе, 1873-1951) – мушавир, бұрынғы Жаңақала уезінен. Руы – алаша қарабура. Ғ.Ахметұлының өзі жазған өмірбаянда әкесі Ахметтен ежік үйренгенін, 8 жасында Достан молдадан, 9 жасында башқұрт Іскендір Қатауолла Қадимұлынан оқығанын, 16 жасында 1889 жылы Байғұл ұстаған Есмақай молдаға барғанын жазған. 1891 жылы Жаңақалада (қазіргі Жаңақазан – Қ.Қ.) Ғатауолла хазіретке шәкірт болады. Өзі оқи жүріп, қай жерде де ұстаздарының көмекшісіне айналады, жаңадан келген шәкірттерге мұғалімдік етеді. Осылайша Ғұбайдолланың өзінің де мықты оқытушылық аты шыға бастайды. Сөйтіп, бай ауылдарға жалданып, бала оқытуға кіріседі. Өз жазуында 1898-1900 жылдары қысы-жазы бірдей дауымшарда (байбақты руының бөлімі) бала оқытқанын, 1902 жылы Жаңақалада болғанын, 1903 жылы Жұмағалида бала оқытқанын жазады. (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер Сенім үшін сергелдең 30 институтының қолжазба қоры, №354 папка, №3 дәптер, «Естеліктер»); 1910 жылы Ресейдің Вятка губернасындағы Бүби медресесінде жаңаша оқыған. Сол жылы 17 шілдеде Орынбор мұсылмандары діни басқармасына өтініш жазып, имам хатиб мударрис дәрежесіне емтихан тапсырған. Осы өтінішінде Ғұбайдолла Ахметұлы Астрахан губернасы Ішкі ордалық Қамыс Самар қисымлық №14 бөлімнен екендігін, Жаңа Қазан ауылында имам ахун Ғатауолла Ғалікеевтің медресесі құзырында оқығанын айтады. Ал Қамыс-Самар қисымы №13 бөлімінің қазағы Қайырғали Жақыпбайұлы Ғұбайдолла Ахметұлына Жаңа Қазанда бес жыл мұғалім болып тұрғандығы хақында куәлік берген. (Башқұртстан Республикасы Мемлекеттік архиві, №295 қор, №5 тізбе, №7363 іс, «Дело по прошению киргиза №14 старшинства Камыш-Самарской части Губайдуллы Ахметова об испытании его на должность имама»); Зерттеуші-ғалым Қабиболла Сыдиықұлы Ғ.Ахметовке «отыз жыл бойы мұғалім болып, халықтың әдеби мұрасын жинаумен айналысты. ХХ ғасырдың бас кезінде Батыс Қазақстан аймағындағы қазақ зиялылары С.Меңдешев, Ғ.Қараш, Х.Досмұхамедов, Н.Мамаев, А.Құдайбергенов, Ғ.Байғұловтармен бірге қызмет істеп, достық қарым-қатынаста болған. Қазақ мектептерін ашу жұмыстарына атсалысқан» деп жазады. («Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия» Алматы, «Арыс», 2010, 150-151 беттер); Сонымен бірге, 1916 жылы Ғ.Ахметов мұхтасиб Нығметолла Ибрагимовпен бірге Астрахан губернаторы И.Соколовскийге наразы болған қазақтардың арызын жеткізу үшін Санкт-Петербургке сапар шеккен. Оларға тілмаш әрі жолбасшы болып Сейітқали Меңдешев жүреді. (Сәбит Шілдебай, «Тұңғыш төраға», «Ана тілі» газеті, 27 ақпан, 2020 жыл, http://anatili.kazgazeta.kz/news/56382); Совет үкіметі келген соң Ғ.Ахметұлы дін өкілі ретінде қуғынға түседі. Сайлау кезінде (3 қыркүйек - 29 қазан 1923 жыл) даусы алынып, Ордаға оқшауланған тұлғалар тізіміне енген (БҚОМА, №312 қор, №1 тізбе, №54 іс); РСФСР Конституциясының 65- бабы және ҚазОАК-тың 1925 жылғы 9 мамырдағы нұсқаулығы бойынша дін өкілі ретінде сайлау құқынан айырылған (БҚОМА, №24 қор, №4 тізбе, №567 іс); 1925-1928 жылдары Орал Сенім үшін сергелдең 31 облысының Шежін (қазіргі Тасқала) ауданына қоныс аударады. Бірақ ол жақтан да қудаланып, Ресейге кетеді. 1942 жылы 6 наурызда Саратов облысы Перелюб ауданы Жоғары Анин селосында тұтқындалып, «антисоветтік үгіт-насихат таратты» деп айыпталады. Саратов облыстық соты 5 жылға соттаған. (Қылмыстық ісі РФ Саратов облыстық ІІБ архивінде); Ғ.Ахметовтің шығыс тілдерін өте жетік білуі, қазақ халқының әдеби мұрасын жинауы, ақындығы ғалымдардың назарына ілініп, 1946 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясының тапсырмасымен «Рүстем-дастан», «Қалила мен Димна» шығармаларын араб, парсы тілдерінен қазақшалауға тапсырыс беріледі. Оның шығармаларын, өмірбаянын жинақтап, Ғылым Академиясына тапсырған Фарид Ғатауовтың жазуынша, Ғ.Ахметов ол аудармаларды аяқтап үлгерген. Бірақ өзі қайтыс болған соң жазбалары академияға тапсырылмай, ел арасына таралып кеткен (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қоры, №354 папка, №3 дәптер, «Естеліктер»); Сақталған, сақталмағаны белгісіз. Ғ.Ахметов 1951 жылы қайтыс болған. Зираты Саратов облысы Ивантиевка ауданы Черняевка селосында