127. Батырұлы Тәжиден (Батыров, 1895, кей деректе 1898-1984, Орал қаласы) – БҚО, Тайпақ ауданы Тайсойған елдімекеніне қарасты №23 ауылда (қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы) туған, ұлты қазақ, білімі діни жоғары. 1912-1914 жылдары Орынбордағы «Хусаиния» медресесінде оқыған. Бұқаұлы Батыр ишанның баласы. ОГПУ Орал округтік бөлімі 1931 жылы 27 көкекте тұтқындаған. 1932 жылы 25 көкекте БҚО ГПУ ақтаған. Ісі ҚР ҰҚК БҚО архивінде. 1935 жылы тағы сотталып, Калмыков, Орал, Орынбор түрмелерінде отырған. Содан кейін туған жерінен қоныс аударып, Орал облысы Приурал ауданы Шолпан ауылына көшеді. 1942 жылдан Ұлы Отан соғысына қатысады. 1953 жылы Орал қаласына көшіп келіп, Орал мешітінің тұрақты жамағатына айналады. 1969 жылы Алматыдан келген Сәдуақас Ғылмановтың қатысуымен өткен мұсылмандар жиналысында Орал мешітінің бас имамы болып сайланады. Осыдан өмірінің соңына дейін, 1969-1984 жылдар аралығында Орал мешітінің имамы қызметін абыроймен атқарады. 2015 жылы 22 желтоқсан күні Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы кеңейтілген төралқа мәжілісінің қаулысымен Орал қалалық мешітіне Тәжиден Батырұлыны есімі берілді. (Дерек: «Тәжіден Батырұлы» Құрастырған Темір Құсайын, Орал 2019)