134. Бекенұлы Әйіп – Ішкі Бөкей ордасының Қамыссамар қисымына қарасты Толыбай құмында 1838 жылы дүниеге келіп, 1931 жылы сол өңірде, Қашқын деген құмда қайтыс болған. Жасында Жалпақтал медресесінде, одан соң Қазан қаласында діни білім алған. Теңіз округінің басшысы болған Мақаш Бекмұхамедовпен жақсы араласып, ел билеуге де қатысқан. Ел аузында Әйіп Бекенұлының 1894 жылы Николай Екіншінің таққа отыру рәсіміне Кіші жүзден барған 5 адамның бірі болып қатысқаны, 1913 жылы Романовтар әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толған салтанатқа да арнайы шақырылғаны айтылады. Патша билігімен жақсы қарым-қатынасы арқасында өзі тұратын Толыбай құмда қызыл кірпіштен қарағайлап мешіт-медресе салдырған. Оны түсіне қарап халық «Көкмешіт» атап кеткен. Ол жерде діни іліммен қатар орыс тілі, басқа пәндер де оқытылған. Әйіп қажы бірнеше рет қажылыққа сапар шегіп, араб, парсы жерлерін аралаған. Совет үкіметі келгенде Әйіп қажы малмүлкін, мешітін мемлекетке өз еркімен берген деп айтылады. (Дереккөз: Мәжит Жадановтың «Осы жұрт Толыбайда Көкмешіт болғанын біле ме екен?», Ләззат Қаражанованың «Ғылым мен дінді қатар ұстаған Әйіп қажы» деген мақалалары).