136. Бекесов Өрбісін (Бакисов Улбусун) – имам әрі ишан, Жымпиты уезі Бұлдырты болысынан, 1921 жылы Жымпиты ауданы Соналы болысы №6 ауылда халпе (БҚОМА, №249 қор, №1 тізбе, №20 іс); РСФСР Конституциясының 65-бабы және ҚазОАК-тың 1925 жылғы 9 мамырдағы нұсқаулығы бойынша дін өкілі ретінде сайлау құқынан айырылған (БҚОМА, №24 қор, №4 тізбе, №567 іс); Өрбісін ишанның мешіті қазіргі БҚО Қаратөбе ауданы Қалдығайты ауылдық округіне қарасты Темірбек ауылында болған. Өрбісіннің әкесі Нұрмұхамед хазірет (ел-жұрт Бөкес атап кеткен) те өз заманында МеккеМединаға барған, қажы атанған адам екен. Өрбісін ишан да ХІХ ғасырдың соңында қажыға барған. 1928 жылғы кәнпескеден кейін Өрбісін ишан да туған жерінен қоныс аударып, Ішкі Ресейге бас сауғалайды. Ұрпақтарының айтуына қарағанда 1934 жылы Башқұрстанда қайтыс болған.