214. Дейланов Жарылқап (Диланов Жарылғап, 1887-1975) – имам, Гурьев уезі Редут болысынан, қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданы Жалғансай ауылында мешіт ұстаған. РСФСР Конституциясының 65-бабы және ҚазОАК-тың 1925 жылғы 9 мамырдағы нұсқаулығы бойынша дін өкілі ретінде сайлау құқынан айырылған (БҚОМА, №24 қор, №4 тізбе, №567 іс); Ұрпағы Болат Жарлығасовтың дерегінше, 1929 жылы дін қызметкерлерін қудалау басталып, НКВД мекемесінде қызмет ететін туысы «бүгін түнде кетпесең, ертең қамаласың» деп ескертеді. Ж.Диланов сол түні қашып шығып, Жайық өзенін өрлеп, қазіргі Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округіне жетеді. Осы ауылдың №2 бөлімшесі – Тінәлиев ауылына тұрақтап, ұста болып орналасады. Бір-екі жылдан кейін отбасын көшіріп алады. Жалғансай ауылында ол кеткеннен кейін НКВД қызметкерлері үйді тінтіп, молданы іздеп, отбасын қинап, бір айға дейін аңдып жүрген екен. Мешітін тартып алып, мектеп ретінде пайдаланған. Ж.Диланов өмірден өткенге дейін дін ұстап, ораза-намазын қаза қылмаған. Зираты Тінәлиев ауылында.