274. Есенұлы Жантілес (1879-1930) – имам әрі ишан, Жымпиты уезі Қалдығайты болысынан, 1921 жылы Жымпиты ауданы Көкөзек болысында хазірет әрі имам-хатиб (БҚОМА, №249 қор, №1 тізбе, №20 іс); РСФСР Конституциясының 65-бабы және ҚазОАК-тың 1925 жылғы 9 мамырдағы нұсқаулығы бойынша дін өкілі ретінде сайлау құқынан айырылған (БҚОМА, №24 қор, №4 тізбе, №567 іс); Жантілес хазіреттің руы – қызылқұрт, қазіргі БҚО Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылынан 15 км жердегі Көкөзектің бойында «Жантілестің жасыл мешіті» болған. Ұрпақтарының айтуынша, Жантілес діни білімді Орынбор қаласында алған, үш мәрте қажыға барған. Медресе ашып, бала оқытқан. Жантілес мешіті 1928 жылы совет үкіметінің қаулысымен қиратылған. Өлкетанушы Қайыржан Хасанов Жантілес хазіреттің өмір жолы мен ұрпақтары туралы кітап жазған. (Қ.Хасанов «Жантілес хазірет», Орал – 2014)