277. Есқалиев Ахмәди (1888-1968) – БҚО Жәнібек ауданы аумағында туған. Руы – кердері жамбас. Ғұмар Қараштың ең талантты шәкірті. Ата-анасынан жастай жетім қалған Ахмәдиді Ғұмар Қараш өз тәрбиесіне алып, өз медресесінде оқытқан. Баласы Болат Есқалиевтің дерегінше, А.Есқалиев 18 жасында өз ауылының мешітін ұстаған. Башқұртстан Республикасының мемлекеттік архив қорында ахун Ғұмар Қараштың Ахмәди Есқалиевке берген анықтамасы сақталған, онда: «Астрахан губернасы Ішкі ордалық Тарғын қисымы №2 старшындықтың қазағы Ахмәди Есқалиұлы Қамыстыкөл ауылында жамиғмешітінің екінші имамы екендігі, Ішкі Орданы басқаратын Уақытша Кеңестің 1909 жылы 31 мамырда берген №6927 шешіміне сәйкес қызмет ететінін» куәландырған. Келесі құжаттардан Ахмәди Есқалиевтің Орынбор мұсылмандар діни басқармасына емтихан тапсырып, имам-хатиб һәм мударрис (оқытушы) лауазымына өткенін көреміз. Совет үкіметі орнаған соң А.Есқалиев діни қызметтен бас тартып, мұғалімдікпен айналысқан. Үлкен ұлы, қазақтан шыққан алғашқы химик ғалымдардың бірі болған Сұлтан Есқалиев Қазақ педагогикалық институтында доцент болып жүрген кезде, Ахмәди де Алматы қаласында тұрған. Ұрпақтарының дерегінше, кітапхана директоры болған. Бірақ Есқалиев Сұлтан (1906-1938) 1937 жылы тұтқындалып, РСФСР ҚК-нің 58-8, 58-9, 58-10, 58-11-баптары бойынша айыпталып, ату жазасына кесілгенде, әкесі де қуғындалған. Репрессиядан бас сауғалаған А.Есқалиев Ресей Федерациясының Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарын паналаған. Тек 1950 жылы Орал қаласының іргесіндегі Селекционный ауылына көшіп келген. Ол зерттеуші ғалым М.Ысмағұлов, Г.Сапарғалиеваларға Ғұмар Қараштың өмір жолы, шығармалары туралы көп құнды дерек қалдырған. Ахмәди Есқалиев 1968 жылы маусым айында дүниеден өтті. Зираты Ветелки ауылы қорымында.