297. Жақыпбаев Қайырғали (1885-ө.ж.б.) – 1885 жылы БҚО Жаңақала ауданы №13 ауылында туған. 1900 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесіне түсіп, бітіріп шыққан. Елге келіп, кердері ауылында 14 қыс бала оқытқан. Жаңақазан қаласындағы медреседе, Қамыс-Самар қисымы №16 ауылының имаммолдасы Тастамбек Дәуітұлының медресесінде, Жаңақазандағы Ғатауолла Ғалікеевтің медресесінде оқытушы болған. 1910 жылы Орынбор мұсылмандар діни басқармасына өтініш жолдап, «ғылыми минасиб» дәрежесін беруді сұрайды. Патша үкіметі құлаған кезде Қ.Жақыпбаев 1918 жылы Ордадағы мұғалімдер училищесінде оқытушылар курсын оқиды. Сөйтіп, Жасқұста, Борсықта, Жаңақалада т.б. мектепте сабақ береді. 1928 жылы бұрынғы молда ретінде қудаланып, Жалпақталға жер аударылады. 1930 жылы «салық төлемегені үшін» малмүлкін кәнпескелеп, Қазақстан аумағынан тыс жер аударады. 1930-1935 жылдары Еділ бойында жүрген. 1937 жылы елге оралып, Камен (қазіргі Тасқала) ауданына, Қызыл хуторына келіп, колхозға кіреді. 4 ай сауатсыздықты жою курсында ересектерді оқытады. «Антисоветтік үгіт-насихат таратты, халық жауларының кітабын насихаттады» деген айыппен жұмыстан шығарылады. 1938 жылы 2 мамырда тұтқындалып, РСФСР ҚК 58-10 бабымен айыпталады. 28.11.1938 ж 10 жылға сотталған. 1939 жылы 15 мамырда ақталды дегенмен, одан арғы тағдыры белгісіз. Қ.Жақыпбаевтың баласы Салық Қайырғалиев (1906-1937) те «халық жауы» ретінде айыпталып, ату жазасына кесілген. (Қылмыстық іс БҚО ІІД арнайы архивінде)