313. Жаңабаев Аманғали (1875-1937) - Орал губернасы Шыңғырлау ауданы Ащысай ауылында туған. Бұрынғы баймолда, орта діни білімді. Сұлукөл ауылында мешіт ұстаған. Молдалығы үшін колхоздан шығарылып, сайлау еркі алынған. 1937 жылы 19 желтоқсанда «Медетов Нұриман басқарған контрреволюцияшыл бай-молда ұйымының мүшесі» ретінде тұтқындалған. Оған «совет үкіметіне қарсы үздіксіз үгіт таратып, елдің, колхозшылардың дінге сенімін арттырып, ораза, намаз, жаназаға тартуы нәтижесінде 1937 жылы Жаңатұрмыс колхозшыларының 50%-ы ораза ұстап, «біз ораза уақытында жұмыс істей алмаймыз» деп, колхоздың астық басу жұмысын созып жіберді» деген (58-2, 58-11) айып тағылған. 1937 жылы 28 желтоқсанда НКВД «үштігі» ату жазасына кескен. 1964 жылы 31 наурызда БҚО соты ақтаған. (Қылмыстық іс БҚО ІІД арнайы архивінде сақтаулы)