338. Жүрдібекұлы Жұбан (1834-1923) – ахун, Бөкейлікте екі мешіт ұстаған. Ол Ішкі қазақ ордасы, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмында өмір сүрген. Бүкіл өмірінде мешіт ұстап, медреседе бала оқытып, халықтың рухани ағартушылық қызметін атқарған. Жұбан молданың әкесі Жүрдібек Базарбайұлы да мешіт ұстап, молдалық құрған адам екен. Ішкі қазақ ордасының билеушісі Жәңгір хан Бөкей хан ұлының 1845 жылы 10 маусымдағы №130 бұйрығымен Жүрдібек Базарбайұлын указной молда етіп тағайындағаны жөніндегі құжат сақталған (ҚРОМА, И-4 қор, №1 тізбе, №5504 іс, 7-11-беттер). Жұбан Жүрдібекұлы «алғашқы мұсылмандық білімді өз елімде Мұхамед Керей қалпеден алдым» деп көрсетеді (Башқұртстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, И-295 қор, №12 тізбе, №85 іс, 1909 жыл, №2291). Жұбан молда Жүрдібекұлы ұзақ жыл бойы Ішкі қазақ ордасының Нарын қисымына қарасты №2 және №4 ауылдардың мешітін басқарған. Архив құжаттарына қарағанда ХХ ғасырдың басында №2 ауылда 832 шаңырақ, 1610 ер адам, 1620 әйел адам болғандығы, №4 ауылда 544 шаңырақта 1097 ер адам, 974 әйел болғандығы көрсетілген. №2 ауылдағы мешіт ғимараты 1844 жылы салынса, №4 ауылдағы мешіт 1845 жылдан бастап халыққа қызмет ете бастаған екен. Ал Жұбан молданың өзі Астрахань губерниялық басқармасы 1884 жылы 1 шілдедегі №3444 шешімімен имам-хатиб лауазымына бекітілсе, 1901 жылдың 24 қыркүйегінде №5412 бұйрық негізінде «ахун» атағын алған. (Башқұртстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, И-295 қор, №2 тізбе, №1а іс, 386-бет, «Қазақ ордасындағы мешіттер мен мұсылман діни қызметкерлері туралы ведомость»). Жұбан молданың Мәшекен деген ұлынан туған Әбілхалық та молда, оқытушы болған. 1928 жылы Орал губернасында кәнпескеленген 71 байдың бірі болып қуғынға түскен. Совет үкіметі Жұбан мешітін қиратқан. (Қ.Құттымұратұлы, «Жұбан молда», Алматы, «Арыс», 2018)