368. Ибрагимов Нығметолла (1859-1937) – мұхтасиб, ірі бай, бұрынғы Жаңақала уезінде туған, РСФСР Конституциясының 65-бабы және ҚазОАК-тың 1925 жылғы 9 мамырдағы нұсқаулығы бойынша дін өкілі ретінде сайлау құқынан айырылған (БҚОМА, №24 қор, №4 тізбе, №567 іс); Жаңақала (қазіргі Жаңақазан) елдімекенінде үлкен мешіт салған, 4-5 дүкені, ағаш, ұн қоймасы болған, халықтан жүн, тері, мануфактура жинаған ірі саудагер. Жоғары діни білімді, өте беделді адам болған. Руы – тана. 1916 жылы Ғұбайдолла Ахметов, Сейітқали Меңдешевпен бірге бөкейлік қазақтарының өтінішін жеткізу үшін Петербургке барғаны белгілі. 1923 жылдан бастап большевиктердің қудалауына түскен. Сайлау кезінде (3 қыркүйек 29 қазан 1923 жыл) даусы алынып, Ордаға оқшауланған тұлғалар тізімінде (БҚОМА, №312 қор, №1 тізбе, №54 іс); Мұхтасиб ретінде ислам дінінің таралуын, күшеюін насихаттаған. «Коммунистер өлсе, жаназа оқымай, бөлек көму керек» деген уағызы үшін Орал облыстық сотының көшпелі мәжілісі 8 жылға соттаған, Жоғарғы Сот 4 жылға түсірген. Түрмеден 1929 жылы елге келген соң қайта кәнпескеленіп, тағы 4 жылға сотталған. Одан келген соң 1934 жылы 14 қарашада Жаңақала халық сотының шешімімен тағы 5 жыл жылға сотталып, РФ Саратов облысына жер аударылған. «1936 жылы елге оралып, контрреволюциялық, антисоветтік үгіт-насихатпен айналысқан, айналасына діншілдер мен бұрынғы байларды жинап, астыртын топ құрды, ораза, Құрбан айт намаздарын ұйымдастырып, елден пітір жинады, үнемі антисоветтік үгіт-насихат таратты» деп айыпталған. 1937 жылы 15 көкекте контрреволюцияшыл, антисоветтік топ жетекшісі Нығметолла Ибрагимовті тұтқындау жөнінде санкция берілген. Онымен бірге Х.Текебаев, Ғ.Ермешев, М.Иманбаев, С.Бірімжаров, Ү.Достыбаев, Ғ.Байғұлов, Ө.Кенжебаев топ мүшелері ретінде айыпталған. 1937 жылы 2 қыркүйекте БҚО бойынша НКВД үштігінің шешімімен ату жазасына кесілген. Ақталғандар тізімінде жоқ. (Қылмыстық ісі БҚО ІІД арнайы архивінде сақталған).