378. Иманғазиев Төлеген (1874-1938) – Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Сабынкөл ауылында туған. Орал орыс-қазақ училищесін 1890 жылы, Орынбор мұғалімдер мектебін 1894 жылы бітірген. 1896 жылға дейін Торғай облысы, Қостанай уезі, Алшынбай ауылдық мектебінде, Аманқарағай, Әулиекөл болыстық мектептерінде мұғалім болған. 1896-1904 жылдары Орынбор мұғалімдер семинариясында сабақ берген. Одан кейін елге, Қаратөбе өңіріне қайтып, 1938 жылға дейін мұғалім болып қызмет етеді. Қаратөбелік контрреволюцияшыл панисламистік бүлікшіл ұйым мүшесі ретінде І.Қаналиев, Ж.Лашынов, Е.Отарғазиевтермен бірге айыпталған. Башқұртстаннан келген Құрбанғали хазірет Қуанышқалиевпен бірге жүргені, қонақ еткені үшін 1938 жылы 2 ақпанда тұтқындалған. БҚО бойынша НКВД үштігі 1938 жылы 14 ақпанда РСФСР ҚК-ның 58-2, 58-11-баптары бойынша айыптап, ату жазасына кескен. Сол күні 23.15. сағатта атылған. 1961 жылы 21 қыркүйекте БҚО сотының алқасы ақтаған. (Қылмыстық ісі БҚО ІІД арнайы архивінде сақталған); Төлеген Иманғазиевтің өмір жолы мен қызметі туралы ұрпағы, өлкетанушы журналист Қайыржан Хасанов архив деректеріне сүйенген мазмұнды кітап жазған (Қ.Хасанов, «Төлеген Иманғазиев», Орал, 2014)