476. Қуанышқалиұлы Құрманғали (Құрбанғали, 1890-1971) – Жымпиты ауданы Сабынкөл ауылында имам (БҚОМА, №249 қор, №1 тізбе, №20 іс); Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Шөптікөл ауылындағы Шым бойында дүниеге келген. Әкесі Аманұлы Қуанышқали да хазірет, үлкен молда болған. Қ.Қуанышқалиұлы діни ілімді Сисенғали хазіреттен алған. 1913-1914 жылдары Шымда мешіт салып, 1928 жылға шейін шәкірт оқытқан. Елге танымал молда атанған. 1927 жылы Уфаға діни сиезге Қуанай хазірет Қосдәулетұлымен бірге қатысқан. Өкімет орындары 1928 жылы мешітті жабады. Сол жылы ішінде Қуанай хазірет бар 5 молданы Орал түрмесіне қамайды. 2,5 айдан кейін Переметный деген жерге әкеліп, Қ.Қуанышқалиұлы мен тағы бір молдаға 15 күн шошқа бақтырады. Одан босаған соң Құрманғали хазірет амалсыз Ресейге, Башқұртстан жеріне көшіп кетеді. Уфа округі Баймақ ауданы Тубинск кенішінде алтын руднигінде шахтада қызмет етеді. 6-7 жылдан кейін елін сағынып, ұлы Хамидолланы ертіп, ат-көлікпен 1936 жылдың ақыры, 1937 жылдың басында Қаратөбеге келеді. Өліге бата, тіріге сәлем оқып, туыстарын аралайды. Бір күні Қаратөбеден келген милиция танысы елде дін өкілдерін қудалау, қамау басталғанын ескертеді. Бұлар тез арада елге, Башқұртстанға қайтып, аман қалады. Кейін «Құрбанғали хазіретпен байланысы бар, контрреволюциялық панисламистік бүлікшіл топтың мүшесі» деген айыппен хазіретті қонақ еткен, бірге жүрген адамдар (Т.Иманғазиев, І.Қаналиев, Е.Отарғазиев, Ж.Лашынов т.б.) ұсталып, ату жазасына кесілген, ұзақ жылға сотталған. Қ.Қуанышқалиев ҰОС-ға қатысқан. 1968 жылы Қазақстанға, Ақсай қаласына қоныс аударған. 1971 жылы 14 қараша, рамазан айының Қадір түнінде өмірден өткен. (Қ.Хасанов, «Төлеген Иманғазиев», Орал, 2014);
Қуанышқалиұлы Құрманғали
- Аты-жөні: Қуанышқалиұлы Құрманғали
- Туған жылы: 1890-1971
- Туған жері (ескі): Қаратөбе ауданы
- Тұтқындағанға дейін тұрған жері: Жымпиты ауданы Сабынкөл ауылы
- Ұлты: Қазақ
- Діні: Ислам
- Діни лауазымы: имам
- Дереккөз (құжат): (БҚОМА, №24 қор, №4 тізбе, №567 іс) (Қ.Хасанов, «Төлеген Иманғазиев», Орал, 2014)