478. Қуаншалиев Жалғасбай (1882-1937) – Орал губернасы Шыңғырлау ауданы Сталин ауыл советінде туған. Бұрынғы барымташының баласы. 1931 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, Шыңғырлау халық соты 2 жылға бас еркінен айырып, жер аударған. 1937 жылы 19 желтоқсанда «Медетов Нұриман басқарған контрреволюцияшыл бай-молда ұйымының мүшесі» ретінде тұтқындалған. Оған «антисоветтік үгіт-насихат таратты, астыртын панисламистік ұйымға мүше болды» деген (58-2, 58-11) айып тағылған. 1937 жылы 28 желтоқсанда НКВД «үштігі» ату жазасына кескен. 1964 жылы 31 наурызда БҚО соты ақтаған. (Қылмыстық ісі БҚО ІІД арнайы архивінде сақталған)