481. Құбашев Мерғали (1906-1993) Орал облысы Жаңақала ауданы №24 ауылда туған. Руы – беріш бесқасқа. Діни білімді, «молда» атанған адам. Ұрпақтарының дерегінше, Мерғали Құбашев те Совет өкіметінің қуғынын көрген. Біраз жыл Ресейдің Астрахань облысында, Дағыстандағы ноғай өлкесінде мал баққан. Кейін елге оралып, Орал облысы Жаңақала ауданының Пятимар ауылында сауда саласында қызмет еткен. М.Құбашев Совет өкіметі кезінде де кісі қарап, емшілікпен айналысқан. Ораза кезінде елден пітір садақасын, былайғы кезде зекет т.б. садақаны жинап, Оралға, мұсылмандар мешітіне, Советтік Бейбітшілік қорына жеткізіп отырған. КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істері жөніндегі Кеңес Қазақ КСР Орал бойынша советтің уәкілі А.Шуков қол қойған анықтамада 1988 жылы 29 мамырда Мерғали Құбашевтың 1987 жылы банкке 10 маусымда – 500 сом, 9 шілдеде – 200 сом, 5 тамызда 220 сом, 27 қазанда 228 сом аударғаны, сондай-ақ Оралдағы мешіт кассасына 20 сәуірде 366 сомды, 23 тамызда 206 сомды қолма қол өткізгені көрсетілген. Осындай еңбегі ескеріліп, Мерғали Құбашев 1988 жылдың 25 шілдесі күні Қазақ бейбітшілік қорғау комитеті мен Советтік Бейбітшілік қорын қолдаушы Қазақ Республикалық комиссиясының Құрмет Грамотасына да ие болған.