Ғұбайдолла халфе Совет үкіметінің қуғын-сүргінінен амалсыз туған жерінен жырақтап, жат жерде өмірі өксіп өткен дін қайраткерінің бірі. Заманында өте алғыр, зерек болып, қатарынан оза туғаны басына бәле болып жабысып, «совет үкіметіне сенімсіз», «халық жауы» ретінде сотталған, жер аударылған.
«Артықша жаза алмадым үнім бітіп, Жатырмын кетейін деп күнім бітіп. Жат еттім ағайыннан балдарымды, Ішімнен жарып шыққан жандарымды – Ақылым көптігінен қаңғыр болып Кетірдім ақырында айбарымды, - деп жазыпты өмірден өтерінің алдында бір өлеңінде. * * * Ғұбайдолла Ахметұлы 1873 тауық жылы қарабура алаша Ахметтің шаңырағында сегізінші бала, егіздің сыңары болып дүниеге келіпті. Сыңар бала іштен өлі түсіп, ал Ғұбайдолла өте кішкентай, «кебістей» болыпты. Туа сала Ғұбайдолланы нағашы атасы тоқбас Бөкенбай бауырына басады. Бірақ мұның үш жасында асырап алған әкесі Бөкенбай, жеті жасында шешесі Баян сары кезіктен өледі. Ғұбайдолла да қатты ауырып, әрең оңалады. Сөйтіп, өз үйіне қайта оралып, жетім баладай болып өседі. Ғұбайдолланың 1948 жылы сәуір айында өз қолымен жазған өмірбаяны сақталған. «Үйде қарап отыра алмай, бірдеңе оқып отыратын әдетім еді. Оқиын десем, жаңа кітап жоқ. Ең болмаса өз өмірімді қысқаша жазып тастайын деген ойға қалып, жаза бастадым» деп бастаған ғұмырнама халфенің білім алу, қалыптасу кезеңін түгел қамтыған. Әсіресе, төңкерістен бұрынғы қазақ даласындағы оқу жүйесі, медреселер бағдарламасы хақында керемет ақпар беретін дүние. Белгілі зерттеуші Қабиболла Сыдиықұлы «Қазақ энциклопедиясына» жазған мақаласында Ғұбайдолла Ахметовтің Жаңақаладағы Байғұл медресесінде, 1890 жылдары Ордадағы екі класты қазақ-орыс мектебінде, кейін Ресейдің Вятка губерниясындағы Мамонов діни оқуында білім алғанын жазған. Ал Ғұбайдолла өз өмірбаянында әуелі өз әкесі Ахметтен ежік үйренгенін, 8 жасында Достан молдадан, 9 жасында башқұрт Іскендір Қатауолла Қадимұлынан оқығанын, 16 жасында, 1889 жылы Байғұл ұстаған Есмақай молдаға барғанын жазған. 1891 жылы Жаңақалада (қазіргі Жаңақазан - Қ.Қ.) Ғатауолла хазіретке шәкірт болады. Өзі оқи жүріп, қай жерде де ұстаздарының көмекшісіне айналады, жаңадан келген шәкірттерге мұғалімдік етеді. Осылайша, Ғұбайдолланың өзінің де мықты оқытушылық аты шыға бастайды. Сөйтіп, бай ауылдарға жалданып, бала оқытуға кіріседі. Өз жазуында 1898-1900 жылдары қысы-жазы бірдей дауымшарда (байбақты руының бөлімі) бала оқытқанын, 1902 жылы Жаңақалада болғанын, 1903 жылы Жұмағалида бала оқытқанын жазады. * * * Ғұбайдолла халфе өмірінде ерекше кезең – Ресейдің Вятка губернасындағы Бүби медресесінде жаңаша оқуы болған сияқты. Өйткені татардың озық ойлы ағартушылары, ағайынды Ғабдулла, Ғубайдулла және Мухлиса Нығметуллиндер қалыптастырған медреседе дін сабақтарынан бөлек шет тілдері, тарих, жағрафия, әдебиет пәндері оқытылған. Бұл сабақтарды Стамбұлдан т.б. алысжақын жерден арнайы алдырған үздік мұғалімдер оқытқан. Тағы бір айта кетерлігі, Бүби қыздар медресесі мұсылман қыздарды жанжақты білім алып, қоғамның алдыңғы қатарлы тұлғасы болуға тәрбиелейтін. «Ұсұл-жәдид», яғни жаңаша оқу деп аталған бұл жүйеге дәстүрлі медресе жүйесі де, патша үкіметі де ерекше қарсы болған. Буби секілді жәдидтік медреселердің оқу бағдарламасын сүзгіден өткізген патша инспекторлары «Мұндай оқу орындарын тез арада жабу керек. Өйткені мұнда оқыған татар балалары өте білімді, халқын алға сүйрейтін ағартушыға айналады» деген үкім шығарған. Міне, осы медреседе Ғұбайдолла Ахметұлы 1910 жылы білім алады. Ал 1911 жылы қаңтардың 29-ынан 30-ына қараған түнде тұтқиылдан тінту болып, оқытушылар тұтқынға алынады, медресе жабылады. Оқу орнының жетекшілеріне панисламшы деген айып тағылады. Сол сапарында кейіпкеріміз күллі Ресейдің ислам мекемелерін біріктіретін Орынбор мұсылмандары діни басқармасына соғып, өзіне имам хатиб мударрис дәрежесі берілуін сұрайды. 1910 жылы 17 шілдеде толтырылған өтінішінде Ғұбайдолла Ахметұлы Астрахан губернасы Ішкі ордалық Қамыс Самар қисымлық №14 бөлімнен екендігін, Жаңа Қазан ауылында имам ахун Ғатауолла Ғалікеевтің медресесі құзырында оқығанын, тиісті емтихан тапсырып, арызымен бірге 1 сом 50 тиындық марка төлегенін, керекті төлқұжаты, куәлік, анықтама қағаздарын өткізгенін» жазған. Осы істе Қамыс-Самар қисымы №13 бөлімінің қазағы Қайырғали Жақыпбайұлы Ғұбайдолла Ахметұлының Жаңа Қазанда бес жыл мұғалім болып тұрғандығы хақында куәлік берген. Келесі күні, 18 шілдеде Ғ.Ахметов комиссия алдында шариғат іліміне жүйріктігін көрсетіп емтихан тапсырып, арнайы куәлік алады. * * * Ғұбайдолла Ахметұлының шағын өмірбаянын жазған Қабиболла Сыдиықұлы оны «отыз жыл бойы мұғалім болып, халықтың әдеби мұрасын жинаумен айналысты. ХХ ғасырдың бас кезінде Батыс Қазақстан аймағындағы қазақ зиялылары С.Меңдешев, Ғ.Қараш, Х.Досмұхамедов, Н.Мамаев, А.Құдайбергенов, Ғ.Байғұловтармен бірге қызмет істеп, достық қарым-қатынаста болған. Қазақ мектептерін ашу жұмыстарына атсалысқан. 1937 жылы саяси қуғынсүргінге ұшырап, жұмыстан қуылып, жоқшылыққа душар болған» деп жазады. Бір таңғаларлық оқиға, 1916 жылы Астрахан губернаторы И.Соколовскийге наразы болған қазақтардың арызын СанктПетербургке жеткізу үшін жаңақалалық қос молда астанаға сапар шеккен. Олар Нығметолла Ибрагимов пен Ғұбайдолла Ахметов еді. Оларға тілмаш әрі жолбасшы болып Сейітқали Меңдешев жүреді. Тарихшы Сәбит Шілдебай бұл топтың «Петерборға 1916 жылы маусымда барғанын, Мемлекеттік думаның жанындағы Мұсылман фракциясына Астрахан қазақтарының арыз-шағымын табыстағанын, Мұсылман фракциясы оларға көмектесуге ынта танытқанымен, мәселені шешуге қауқары жетпегенін» жазады. Осы сапардан кейін 1916 жылғы Маусым жарлығына қарсы қозғалысқа қосылып кеткен Сейітқали Меңдешев түрмеге қамалса, қос хазірет те жандармерия назарынан тыс қалмаса керек. * * * Бөкейлікке Кеңес үкіметі орнаған тұста Ғ.Ахметов мұғалімдік жұмысында болатын. Батыс Қазақстан облыстық архивінде сақталған 1923 жылғы бір құжатта оның Бөкей губерналық білім бөлімінің құрамында, Жаңақала уезі Тұрдығұл болысында қызмет ететіні көрсетілген. Бір қызығы, большевиктер де сауатты, елге ықпалды мұғалімді іштарта қоймаған. 1923 жылы 3 қыркүйек пен 29 қазан аралығында саяси сенімсіз, сайлау науқанына кедергі келтіруі мүмкін 64 адамды халықтан ажыратып, Орда қаласына жинау туралы құпия қаулы шыққанда, соның арасында Ғұбайдолла Ахметұлының да аты-жөні жүр екен. Шынында да, Ғұбайдолла халфенің басына қара бұлт қайта-қайта үйірілгені де дәл осы кез. Өзі де, баласы Хисмет те «молда», «жат элемент» ретінде сайлау құқынан айрылады. «1925 жылы Орал жері бос қалды. Соған көшем деушілер болса, баруына болады деп ерікті түрде ауаткомнан тәртіп берген. Соған Ғұбайдолла бастаған біразырақ үй (қарабуралар) көшкен. Кейін байларды, молдаларды тәртіпке ала бастағанда Ғұбайдолла оны сезіп, жылысып, аман-есен сөзсіз тұрғанда Ресей жеріне қарай көшіп кетеді. Сол жақта сөзсіз-бөзсіз дегендей, аман жүріп, қайтыс болған» деп жазады Ізмұқан Байғуатов 1984 жылы Әйіп Бектасұлына жазған хатында. «...Байлар мен құлақтардың қарсылығы ашық байқалып отырған жоқ, бірақ кей жерде кедейлер арасында бай-көпес элементтердің құйыршықтары көрініп қалуда. Мысалы, Ғұбайдолла Ахметовті (хазірет) сайлау пұрсатынан айыру бойынша өткен жиналыста кедейлер – Ахметовтің жақындары ашық қарсы шығып, «Ахметовтің даусы алынуға жатпайды» деп мәлімдеді. Басым көпшілік батырақтардың көзқарасы дұрыс болғандықтан ғана Ахметов сайлау және сайлану құқынан ажыратылды...». Бұл Орал губерналық «Красный Урал» газетіне 1928 жылы шыққан мақаладан үзінді. Осылайша Ғұбайдолла халфе отбасымен Ресей жеріне қоныс аударады. Онда да бір жерге тұрақтамай, Саратов облысының ішінде жиі қоныс аударып отырған сыңайлы. Ал елде қалған әріптестері – мұхтасиб Нығметолла Ибрагимов, Ғатауолла Байғұлов, Қайырғали Жақыпбаев т.б. хазіреттер 1937-1938 жылдары жаппай сотталып, атылып кеткен болатын. Ғұбайдолла да 1942 жылы 6 наурызда Саратов облысы Перелюбский ауданы Анин-Верх селосында тұрған жерінен тұтқындалып, «антисоветтік үгіт-насихат таратты» деген айыппен 1942 жылы 14 қазанда Саратов облыстық сотының үкімімен 5 жылға сотталған. * * * «Ғұбайдолла пәндей лауазым ұстамаған, ауыл балаларын жинап, діни оқумен оқытқан. Бірақ сол кездегі Жаңақала, Жалпақтал бойындағы указной молда, хазіреттермен жиі қатынас ұстаған. Өйткені бұл кісі өте сөзшең және білгіш болған. Олар өз думандарына бұл кісіні еш уақыт шет қалдыра алмаған. Өзінің орта шаруасы болған, Қисмет, Әнуар, Мүбарак деген үш ұлы, Сақым (Сақыпжамал) деген бір қызы болған. Қызын Ғұмар Қарашевтың баласы Қадер дегенге берген, яғни Ғ.Қарашев екеуі құда» деп жазады жоғарыдағы хатында Байғуатов Ізмұқан ақсақал. Ғұбайдолла Ахметовтің Ғұмар Қарашпен құдалығына олардың көзқарас жақындығы, ұсыл-жәдидті қолдауы да әсер еткен сияқты. Тоқыш Қиланбековтің естелігіне қарағанда, Сақыпжамал Абдылқадырға (Ғұмардың ұлының толық есімі) 1917 жылы 16 жасында ұзатылған. Сақыпжамал да жақсы ақын болған, атасы Ғұмар, өз күйеуі Қадер қаза тапқанда шығарған жоқтаулары өте әсерлі. Сақыпжамалды ұзатқасын Ғұбайдолла құдасына барып, 2-3 күн жатып, өте риза болып, «Ғұмар құдам, мәдениетке құмар құдам, Сақыпжамалды қасына шақырып алып, өлең айттырып, рақмет айтып отыратын еді!» - деп бек риза болған екен. Өкінішке қарай, Сақыпжамалдың да ғұмыры қысқа болғанға ұқсайды. * * * Енді бір аз сөзді Ғұбайдолла Ахметұлынан қалған мұралар хақына бұрсақ. Бұл жайында алдымен ауызға алынатыны «Қалила мен Димна» кітабының қазақша аудармасы. «1946 жылдың жаз айларында Ғұбайдолла Ахметов Гурьев қаласында тұратын жақын туысқандарына келіп, Совет көшесіндегі 131-үйде тұрған болатын. Ол күнде Гурьев қаласында Қазақ ССР Ғылымдар академиясының филиалы жұмыс істейтін еді. Филиалдың сол күндегі директоры Сапар Қарымсақов болатын. Академияның президенті Қаныш Сәтпаевтың тапсыруы бойынша жолдас Қарымсақов әдейі іздеп келіп, Ғұбайдолла Ахметовпен сөйлесіп, оған келісім бойынша бірнеше кітапты араб, парсы тілдерінен қазақ тіліне аударуды тапсырған еді. Соның ішінде Фирдаусидің «Шаһнамасы», «Қалила және Димна» кітабы, тағы басқа шығыс елдерінің шығармалары бар еді. Бұл жұмыстарды, семьясының айтуынша, ол кісі 1851 жылға дейін бітіріпті. Содан кейін науқастанып, төсек тартып жатуына байланысты Ғылымдар академиясына аяқтай барып, еңбектерін тапсыра алмаулы. Өзі 1961 жылы қайтыс болғаннан кейін оның бұл еңбектері әркімнің қолына түсіп, тарап кетулі. 1961 жылы менің қолыма түскен «Қалила мен Димна» кітабының қолжазбасын апарып тапсырдым. Одан басқа кітаптарының қолжазбалары әзір менің қолыма түскен жоқ» деп жазады Фарид Ғатауов 1964 жылы. Осы ақсақал Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына Ғұбайдолланың бірнеше шығармасын тапсырған. Бір өкініштісі, Ғұбайдолла халфенің мұрасы жинақталып, баспа бетін көрген емес. Жоғарыда сөз болған әйгілі шығыс мұрасы, арғы тегі үндінің «Панчатантрасынан» тартатын «Қалила мен Димнаның» Ғұбайдолла аударған нұсқасы да жарыққа шықпаған. Ғылым академиясының қолжазба қорында, ел ішінде сақталған халфенің шығармаларын жинақтап, жеке дүние шығару жерлестерінің мойнындағы бір парыз сияқты. Сондықтан осы мақаланы көрген, Ғұбайдолла халфе туралы қандай да бір дерек білетін оқырман болса, бізге хабарласуын сұраймыз.